Өлеңдер ✍️

  22.09.2022
  118


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Шәуешекте

(Шекарадан Советтiк қатер төнiп тұр...
1969 жыл)


Шәуешекке
Төнiп тұрған қатер ме,
қауесет пе?
Жетпей жатып тобырдың дауы есепке
«Келiп қалған секiлдi жау етекке«.
Кей халықтың
(тұтанған сестi көрiп)
Сабаздары iшкi елге көштi үдерiп.
Ал, үгiтке қазақтың бiр де бiрi
Кететiндей түрi жоқ естiп ерiп.
Көлбесе де қоғамның жасығы алдан
Қазақ үшiн мекенi – жасын-арман.
Тастай көштi кiрме жұрт баспанасын
Көшкен елден кезiнде басып алған.
Қазақ үшiн мекен-мұң,
өлiк-қайғы.
Қайғы-мұңын босқанмен жол ұтпайды.
Қазақ көшкен кезiнде ұрпағы үшiн,
Қорыққан жоқ қауiптен,
қорықпайды.


Шығайбайлық танытпай аса беттеп,
Кiрменi де арсы алған қошаметтеп.
Жатқа тастау жердi ендi мүмкiн емес,
Онсыз да алғаны аз емес баса көктеп.
Жiгерi оның шыныққан жұдырықпен,
Сұрамаған қазақ бұл жығылып та ем.
Жер-байлықты екi елге бөлiп берiп
Шешкен оның тағдырын ұлы бiткен.
Ел iшiнде бiткен жоқ бұл күн егес,
Сыртқы қатер– қауесет – күлкiлi елес.
Қорланса да қорғап тұр баба рухын,
Ендi босу қазаққа мүмкiн емес.



Шәуешек қаласы.1990 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу