Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  95


Автор: Темірше Сарыбаев

ЗӘКІР АҒАҒА АШЫҚ ХАТ

Қыран ойын қия шыңда түлеткен,
Қарсы келсе,
Қағаның да дір еткен.
Гүлдей нәзік,
Таудай асқақ қалпында
Құдірет бар маған жұмбақ бір өктем!
Жай жүріп-ақ аяғының ұшымен,
Кішіліктің ханды ықтырар күшімен,
Сөйлескенде бір қырындау тұрып-ақ,
Басады-ай кеп кісіліктің мысымен.
Бәрі өзіндік:
Сөйлегені,
Күлгені,
Сыр суырсаң кеңдеу ашып іргені.
Байлық жайлы бас қатырма алайда,
Әңгіме епте үлде менен бүлдені!
Оған бір шорт,
Түсін мейлі, түсінбе!
Тұрады ылғи сол патшалық күшінде!
Дәуірлердің дауылы ойнап қанында,
Замандардың запыраны ішінде.
Мың бүктеліп,
Жүз ширығып толқыған,
Сейілмейді, сейілмейді-ау сол тұман...
Жып-жинақы, тап-тұйнақтай тұрысы,
Шоқ басқандай шоршып олпы-солпыдан.
Сен өзгерсең, ол айнымас қалпынан,
Сыра ерсе де, сөз ермейді артынан.
Іш деп едің, ішке кетті жүз грамм,
Ағалардың қорыққан соң шартынан.
Жақсыларды кім жеңеді дауласып?
Жақынымен кім жатады жауласып?..
Айтпа дедің, айтпағаным – осы өлең,
Ақындардың келеді, аға, аузы ашық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу