Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  87


Автор: Танакөз Толқынқызы

МАҢЫЗДЫ ЕЛШІ

Иә, сіздер елшісіздер маңызды,
Жоғары мәртебелі, жаны ізгі,
Сіздер туралы айтады түрлі аңызды.
Маң-маң басып жайбарақат теңселіп,
Ғимаратқа енесіздер еңселі,
Кезек күтпей сөз береді ел сеніп,
Даяшыдай иіледі жолсерік,
әкетердей күллі әлемді еңсеріп,
күлкіңізбен жымиясыз кеңселік.
Саяси баспана бересіз,
Жат елге бұйрықтың соңынан көлеңке
секілді ересіз,
Көргіңіз келмейтіндерді көресіз,
Келіссөз жүргізіп, маңызды
пендемен өресіз.
Есік ашады сіздерге жол беріп,
Сол өмір, сол жолдар, сол көлік.
Ауруға аурудың тілінде сөйлейсіз,
Шығарып саласыз қол беріп.
Ал біз деген елшісіміз ғасырдың –
Жүректерге жіберген,
Маң-маң басып кеуделерге кіреміз,
Біз – елшіміз күлкімізге күн ерген.
өмір сүреміз жұлдыздардың
дірілінде самсаған,
жапырақтардың шуылында
бір тамшы су аңсаған,
Тек мәрттікке, жомарттыққа,
хас шындыққа қол соғам,
Көңілімнің хошы келген
сұлулыққа тамсанам.
Таулар бізге жол береді жарылып,
Таң самалы күтер бізді сарылып,
Біз келеміз есік қақпай бір күні
Жер бетінің озбырлығынан арылып.
Біз – елшіміз жүректерге аттанған,
Біз – өлеңбіз өлмейтұғын бақ қонған,
Жанартау боп жарылуға шақ қалған
Біз – өмірміз архивтерде хатталған.
Мұңнан қашқандарға саяси баспанамыз,
Жығылған тағдырды ысырып тастамаңыз,
Жылы жаңбырға шайынып,
жұмсақ бұлттарды жастанамыз.
Біз – арман әлеміне астанамыз.
Сіздер – елшісіздер түбінде өз елін табатын,
Біздер – елшіміз енген жүректе қалатын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу