Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  72


Автор: Танакөз Толқынқызы

Трамвай да келмей қойды қырсығып....

Трамвай да келмей қойды қырсығып,
Келгенменен тоқтап міне тұр сынып.
Көрмеген боп көріп тұрмын мен сені,
Көрмеген боп бір кіресің, бір шығып.
Суық болып кеткен неге күз тіптен?
Жылы сезім жоқ па, бәлкім,
сіз күткен?
Бөтен болып кеткенбіз бе біз мүлде
Көрсем деген үміт қайда
үздіккен?
Жапырақтар құлап жатыр сүйісіп,
Жер бетінде қалай жүрміз
сыйысып?
Тұра қашып кететіндей үркеміз
Жанарымыз қалса кенет
түйісіп.
Кетіп қалмай неге тұрмын байланып?
Кетіп қалмай неге жүрсің айланып?
Жанұшыра іздетеді сені ылғи
Жүрегіме жайғасқан мұң жайланып.
Көрсем дағы көзім сізге тоймайды,
Бір жүрек бар
Тек сіз жайлы ойлайды.
Білмейсіз ғой...
Мүмкін іштей білесіз
Жек көруге сізді неге болмайды?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу