Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  76


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Серт махаббат

1
О, махаббат!
Негіздердің негізі,
Жан-жүректің жарып шыққан лебізі.
Толқып жатқан тәуекелдің теңізі,
Жағасында шиыр болған көп ізі...
Адамзатқа күмбез болған сарайсың,
Қос шырақпен мың құбылып қарайсың.
Өткізгендей бұл өмірге талай сын,
Құрбыласқа тұрғыластай жарайсың.
Куәліктей бір көненің көзісің,
Тал шыбықтай бұралған жас сөзісің.
Әрбіреудің әр шақтағы кезісің...
...Ал нақ қазір менің еншім – өз ісім.


2
Қызыл өрт боп алаулап батыс тұрды,
Шабандоз қыз қиқулап жылқы өргізді.
Бізді тағдыр осы кеш табыстырды,
Өміріме өзгеше күлкі енгізді.
Аунады күн тек бұлтта дағы қалып,
Ол шапақ та аздан соң аулақтады.
...Шарбы бұлттың жалынын қағып алып,
Менің балғын жүрегім лаулап қалды.


3
Жарқылдаған жанарың өзің бе едің,
Неге елегізи береді көзім менің?!
Дегбір таппай,
күні-түн көз ілмедім,
Сабыр бітті,
келмейді төзімдегім...
Балқып жатыр жүрегім мыстай ысып,
Жетем, жаным, өзіңе құстай ұшып.
Арманың боп көгіңде қалықтайын,
Құшағыма бақыт боп...
түс майысып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу