Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  71


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

БҰЛ ӨЛКЕГЕ БҰРЫН-СОҢДЫ КЕЛМЕГЕМ

Бұл өлкеге бұрын-соңды келмегем,
Ақ желкені желбіреген желменен.
Сәулем,сені көріп қалғам жағадан,
Күміс Каспий тебіренген кезде мен!
Төбемізде:
Күмбез аспан,
Күн ашық.
Көк теңізге еркелейді сырласып.
Желқайықпен жөнелейік жыраққа,
Шағалалар шабақ ілген шуласып...
Жерде тұрып – жетермін деп, жетермін!..
Қиялдана шалқып көңіл көтердім.
Арман деген –
Аспандағы ақ шағала,
Кеш ұғыппын қанатым жоқ екенін...
Кезің көп пе:
Құлаған да,
Жылаған?
Өзің де айтпа,
мен де сенен сұраман!
Махаббатты, батырлықты, байлықты,
Менен бұрын Рудаки жырлаған.
Ақ айдынға –
Айнам! Бетті қоялық!
Желкеніміз шұғылаға боялып.
Жалын болып,
Құшағымда күл менің,
Көк теңізден шыққан күндей оянып!
Ақ айдынға, Айнам, бетті қоялық!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу