Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  118


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ҚИЯЛ

Маған төгіп күллі дүние жарығын,
Қиратты да көн-тірліктің қалыбын,
Сарайыма күн көтеріп күлкі енді,
Сары уайым жоғалтып ап сабырын.
Қуанышқа босатты да мұң төрді,
Қайғы жылап, қара шәлі бүркенді.
Менің жаным ұшып шығып кеудемнен,
Қызыл гүлдер арасынан жыр терді.
Қайыр тілеп пенделікке қол жайған,
Пасық ойдан сананы езіп жайланған,
Бек тазардым, ғайып ерен қырық шілтендей,
Қарақшыдан періштеге айналған.
Айта жүріп, мәңгіліктің әнін мың,
Жаным жырмен арулады тәнімді.
Жаным қалмай шаттандым кеп тұрғандай
Адалдығым қолын алып Тәңірдің.
Пенде-ғұмыр аяғымда тапталып,
Сорлы басқа бір-ақ сәтте бақ дарып,
Қиялымның кемесімен мұз жарып,
Жұмақ жаққа бара жаттым аттанып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу