Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  66


Автор: Ербол Бейілхан

СӨЗ

Қашаған сөзді арқандап,
Күмістен жүген кигіздім.
Қамаулы ойды талқандап,
Дүлдүл көңілге мінгіздім.
Найзағай сөзді ойнатып,
Суретін салдым қыр гүлдің.
Ал қызыл тілді сайратып,
Үнін тыңдаттым бұлбұлдың.
Асыл сөзді әспеттеп,
Қармақты бізбен тоқыттым.
Арманда жатар ой көктеп,
Қиялды шыңға жосыттым.
Мақамды сөзді мәнімен,
Мұзбалақ құстай түлеттім.
«Әгугай» салар әнім ең,
Қалауын табар жүректің.
Жорға сөзді тайпалтып,
Алты қырдан асырдым.
Теңіздің өзін шайқалтып,
Тулатып барып басылдым.
Тобықтай сөзді сүйемін,
Асыл мұраға – ҚҰРМЕТ!
Анамның тілі – киелім,
Қазақтың сөзі – Құдірет!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу