Өлеңдер ✍️
АНАМНЫҢ ТІЛЕУІ
Мейрамбек Беспаевқа
Әуелеп, босамаған жырдан көгі,
Құлпырып ән тыңдайды қырман, белі.
Боз таңды бозторғай боп түре-тұғын,
Бұлбұлы Алты Алаштың – Мейрамбегі!
Жусанның гүлдегенде айыр басы,
Ырысқа балап еді ауылдасы.
Аққу боп қалықтаған гәкку үнге,
Мұң шақты қанша мойыл қарындасы.
Ғашық боп туған жұрттың ерменіне,
Ою сап бабалардың өрнегіне.
Тарихтың жон арқасы шымырлайды,
Төгілтіп пернелерді тергеніңде!
Жанына жақын шығар қобыз үні,
Термеңнен естіледі - Абыз үні.
Қимайтын күрең күзді еске салар,
Әншінің қаз дауысты – қоңыр үні.
Сыр қосып, ақ қайынның сыбырына,
Бұлақтың бас қоятын тұнығына.
Түлкі алған ақиықтай әуелеп кеп,
Қонды әнші – Алатаудың тұғырына.
Соққанмен уақыттың дауыл, сыны,
Арда емген:
Бұл Мейрамбек – дәуір шыңы!
«Жез таңдай, күміс көмей» қарағымның,
Қайырылмай жүрсе екен, қауырсыны!
Ән төгіп, қаласы мен даласына,
Ем берген жүректердің жарасына.
Жаратқан, Жаппар Ием, ғұмыр сыйла,
Дүлдүлі – Алты Алаштың баласына!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter