Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  284


Автор: Ербол Алшынбай

Мағжан

 


Ұзын Орал түннің шегі бола алмай,


Көк көзді жын асты одан бері алқып.


Сар далама аузын ашып арандай,


Алып атам өр рухын омалтып.


 


Әулиемнің моласына оқ атып,


Гөй-гөйледі сан мың аруақ самсыған.


Ақымынан бабам басын тонатып,


Өртке бердім жазирамды шалқыған.


 


Ауыр мұңнан ару Арқа қансырап,


Күтті зармен асып туған бір ұлды.


Уайымнан өр Маңғыстау сансырап,


Алатаудың қарт жүрегі үгілді.


 


Байбөрі мен Аналықтың зарындай,


Бас тәңірге баратұғын жан сұрап.


Мойынына бұршақ салды.


А, құдай!


Заты қазақ көзінен қан тамшылап.


 


Сол тілекті қабыл көрді хақ құдай,


Алаш туды мұзды жарған кемедей.


Қайраңдағы қайырлаған жерімнен,


Көк теңізге алып шықты телегей!


 


Ойхой, онда мен кімдерден кем едім,


Алауладым көк түркінің туындай.


Желге қарсы шайқалмайды терегім,


Жасыл байрақ тұрар дедім жығылмай!


 


Пешенеме екі бірдей жұт дарып,


Тағдыр бізге теріс салды түренін.


Асылдарым көз жасымдай түсті ағып,


Содан бері беріш менің жүрегім!


 


Содан бері жаным менің жаралы,


Тәңір ием дарымаса бір емің.


Ұлтан құлға кегім кетіп барады,


Қашан туар Алпамыстай бір ерім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу