Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  87


Автор: Рза Оңғарбай

Ақ боз үй

Ақ боз үй туырлықты, дөдегелі,
Бесігім өзің едің өнегелі.
Кеткесін сенен жырақ жаным жүдеп,
Армандар көкейімде көп өледі.
Ақ боз үй ақ басқұрлы, қалы баулы,
Рухын жоғалтқанның жаны даулы.
Бірге өскен кей тексіздер кекірейіп,
Шығарды бұл күндерде танымауды.
Ақ боз үй табалдырық, маңдайшалы,
Өрнегің қошқар мүйіз, таңдайшалы.
Тығылған тас түрмеге мына бізден
Қазақтың шығар екен қандай шалы?..
Ақ боз үй сықырлауық босағалы,
Бар әзір сол үйлердің жосағы әлі.
Жоғалтып алам ба деп сені мүлде,
Көзімнен қан менен жас қоса ағады.
Ақ боз үй айқармалы үзік жапқан,
Іздесең табылады біздің жақтан.
Дейтіндей бір абыз қарт «сақ бол ұлым,
Бәле бар рухыңның ізін баққан.»
Ақ боз үй керегелі шаңырақты,
Сағыныш саған қарай жамыратты.
Қуларың қумаңдаған құлқынқұмар
Сені де құлазытып, қаңыратты.
Ақ боз үй, жел жұлқиды түндігіңді,
Мен қамап қоя алмадым шындығымды.
Беймағлұм бір бұраң жол ылди тартты,
Бұлыңғыр, баяны жоқ күн бүгінгі.
Ақ боз үй –ақ сарайым құтымды елер,
Қыр жақтан сен түтеткен түтін келер.
Жанымдай менің жүдеу жырым-жырым,
Құтханам, іргелігің бүтінделер.
Ақ боз үй өзіңде отты жаққам әр күн,
Өшпесе сол бір оттан бақ табармын.
Өзіңде келген едім дүниеге,
Өзіңнен мәңгілікке аттанармын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу