Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  137


Автор: Асылбек СҮЛЕЙМЕНОВ

БЕЙЖІҢДІ БАҒЫНДЫРҒАН БАТЫРЛАР

Баба рух сақталған жүрегімен,
Асты ұлы қорғаннан хас батырлар.
Кеудесінде елімнің тілегі мен
Тау қопарар Әнұран-асқақ үн бар.
Сырдың тасқын суындай тегеуріні,
Жермен жексен ететін жолдағысын.
Жұдырықпен сұлатып кедергіні,
Зілтемір ғып көтерген ел намысын.
Батыр ұлын мереймен тосқан алдан,
«Бүгін, міне, Жеңіс!» деп дала ән салды.
Үстем тұрып өз Туым басқалардан,
Қазақ үні тербетті ғаламшарды.
Бойтұмар қып тағынып алтындарын,
Сол алтынға сыйдырып бар атақты.
Бағындарған Бейжіңді мәрт ұлдарым,
Көз алдымда шырақтап бара жатты.
Шырқа, шырқа, шарықта! Жендік бәрін!
Берен ұлдар, сүйеген халқым арқа.
Мойындатқан әлемді ерліктерің –
Бар қазаққа тағылған «Алтын алқа!»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу