Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  79


Автор: Айсырға Қилыбаева

СЕНДЕРГЕ БЕРДІМ

Сендерге бердім барымды,
Балдәурен, жастық шағымды.
Тастарым өрге домалап,
Тауым да кейде шағылды.
Сендерге бердім барымды,
Сақтаған ождан-арымды.
Жалқылық пенен қайсарлық
Қазығым болып қағылды.
Сендерге бердім барымды,
Жеңілдіктер мен ауырды.
Үйрете алмай барамын
Адамды дұрыс тануды.
Сендерге бердім барымды,
Мойныма таққан лағылды.
Бағалай алмай ақилар,
Сындырды талай сағымды.
Сендерге бердім аспанды,
Күн менен түні бастаңғы.
Жайқалған байтақ даланы,
Үйілген тау боп тастарды.
Сендерге бердім байлықты,
Жарлыға жасар хандықты.
Керексіз мүлік жиғандар
Айықпас дертке шалдықты.
Сендерге бердім тағымды,
Жемісі піскен бағымды.
Қаншама дауыл соқса да,
Ошақта отым жағулы.
Сендерге бердім сәнімді,
Айта алмай қалған әнімді.
Жүректен алған қорегін
Қауыздан аршып дәнімді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу