Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  84


Автор: Қабиболла Сыдиықұлы

КИЕСІ ЕДІ ДАЛАМНЫҢ

Жапырық өркеш жарбай түйе жарықтық
Фотографты мол ақшаға қарық қып,
Хиуада тұр Ишанкала ішінде
Қасиетті түлігі сан халықтың.
Күніне мың даңғой мініп түседі,
"Мен түйеге міндім" деп кеп іседі.
Міне алмайды, басқышпенен шығады,
Ой жануар қандай күйге түседі,
Мынау неткен тас жүрек жан ісі еді?!
Қыста — боран, жазда өрт боп шартарап,
Сан халықтың шаңырағын арқалап,
Ғасырлардан келе жатқан, киелім,
Қызғыш болдым жүрегіммен қалқалап.
Аптап желге маңдайларын сүйдіріп,
Ақ боранға көкірегін түйдіріп,
Көрді ме екен түйе мінгіш даңғойлар
Берді ме екен шөл өлкеге
Бір тамшы су игілік?
Фотограф құлқын құмар қалталы,
Айналаға жалақтайды жар салып.
Біле алмадым ақшаға құл,
Сезімнен тұл осы адам
Айуаннан айырмасы қаншалық?!
Мініп, түсіп, аяқ асты қор қылып,
Шекті түйе сол қорлықтан болдырып.
Түйе шіркін киесі еді даламның,
Қасиеттіңді қорлау неткен сорлылық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу