Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  50


Автор: Мырзатай Болат

АҚҚУ СЫНДЫ ӘУЛИЕ

Халайық көкейіңді тапқым келер,
Бір отты жүрегіңе жаққым келер!..
Есімқұл атам десем – көз алдыма:
Киелі құс төресі аққу келер!..
Адамдар – арманымен күшті дейді,
Қиялмен аспанды да құшты дейді!..
Ер Бекет, Есімқұл мен Аманбайлар –
Құс болып көк жүзіне ұшты дейді!..
Мен өзі бұл аңызды сөкет демен,
Сол үшін де Есімқұл, Бекет дегем!..
Аққу сынды жандарға ұшқан лайық –
Көңілді жеті қатқа жетектеген!..
Есекем,! Ел сыйлаған аруағың бар,
Ішінде көп әулие салмағың бар!..
Халқыңның ақ тілегін аспандаттың,
Қартым-ау не арманың бар, не арманың бар?!.
Қабағын Ай мен Күннің сезген қартым,
Табиғат тамыршысы – безбен қартым.
Елінің амандығы алаң қылып,
Қасиетті Маңғыстауын кезген қартым...
Сапарға жаяу-жалпы төзген қартым,
Сөйлепсің көңіл-айна – көзбен, қартым!..
Қанша айтсам – қадіріңді тауыспаспын
Пәнейі бір-екі ауыз сөзбен, қартым!..
Жырымның белгілі ғой не демегі –
Көңілдің бұл әншейін көбелегі...
Жар болғай жаныңызға, жақсы қауым,
Есімқұл әулиенің «бөгелегі»..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу