Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  104


Автор: Рахат Қосбармақ

КҮЗГІ ЭЛЕГИЯ

Бір-бірінен аумайтын сұрғылт күндер,
Жүрегімнен жұлқынған жыр күттіңдер.
Іші түтін болғанмен, сырты бүтін,
Іркес-тіркес керуенді ілбіттіңдер.

Көксегені көңілдің – Көктем едің,
Белгісіз бір биікке беттеп едім.
Орманымды тонайтын болғасын ба,
Осы неге Күзді мен жек көремін?!
Сұрғылт күндер,
Суықсың неткен, жаным?!
Арыды ғой азапты шеккен жаным.
Басқа біреу түгендеп жүргендей ме
Бабалардың баяғы төккен қанын?!
Мезгіл жасын ойнатып дер шағына,
Менің әлсіз жүрегім шаршады ма?!
Көрден қолын созған кіл өлі әруақтай
Көп сұрақтың қамалдым қоршауына...
Оның несін, қарағым, тізбеледің?!
Көңіл сырын көзіңнен жүз көремін.
Көлеңкеге иірген бар дүниені
Көңілсіздік елесі – Күз дегенің.
«Жаратылыс-тануың» – жансыз ғылым,
Жасырмақшы болды адам әлсіздігін.
Бұлтқа басып бетіңді жылап алғын,
Бұл дүниенің есіңе ап мәнсіздігін.

Шырақпыз ғой –
Шың жайлап, дөңге қыстап,
Пейіштің де пердесін көрген ұстап.
Табиғаттың тап-таза шарайнасын
Кімдер екен кірлеткен қолмен ұстап?!
Бұл сұрақтың жауабын біз бенен сіз
Уақыттың үнінен іздегенсіз.
Болмай қайтсін Күз байғұс көңілсіздеу –
Еңсесінен езгесін мұз бенен сыз?!
...Жә-жә, жетер!
Әніме оралайын,
Фәни-тірлік бағын да аралайын.
Жан-жағымнан Жалғыздық қамалайды,
Жапандағы жабырқау моладайын.
Өлеңменен жуа сап өлі көзді,
Қиялменен қу көңіл нені кезді?!
Есігімді ашып ем...
Сұрғылт Бояу
Сүйретіліп сұлбасы төріме озды.
Жаба салдым есікті жанталасып,
Қабырғаға қарауытқан арқа басып.
Көңілсіздік көшіне ілескендей
Жарық біткен жалп етті қорқа қашып.
Перғауынның кәрінен қорықпаған
Перілердің қасиеті қонып маған;
Тереземді ашып ем...
Сұрғылт Аспан
Күрең Күз боп тұр екен төніп маған.
Сезім – Тәңір,
Жүрмейді жырға Ғылым,
Қыртығандар егеді қырға гүлін.
Қараңғылық көбесін қақыратқан
Сонда білдім, дүние-ай, Күн қадірін!
Аспаныңнан ақ жұлдыз мол құласын,
Ғазиз жанды несіне қор қыласың?!
Күзден қашып жүргенше баяғыдан,
Күнге ғашық болсамшы, сорлы басым!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу