Өлеңдер ✍️
ӘКЕ БЕЙІТІ БАСЫНДАҒЫТОЛҒАНЫС
І
Қиналғанда рухымен жебеген,
Сыналғанда қолтығымнан демеген,
Әке, сенің бейітіңе кеп тұрмыз
Ұл-қыздарың, келіндерің, немерең.
Келіп тұрмыз, ұзақ- ұзақ жол кешіп,
Болады деп алғы күнде хал нешік.
Көптен кейін бейітіңді көргенде
Жоқ тапқандай көңіліміз қалды өсіп.
Әке, саған келіп тұрмыз алыстан,
Сенің кіндік қаның тамған қоныстан.
Нәубет жылдар бытыраған қазақтың
Ұрпағы біз, Маңғыстауда тоғысқан.
Өзіңе айтар нала-мұңым көп менің,
Кештің талай шырғалаңның өткелін.
Қуғын көрдің, бейнет көрдің, жоқ көрдің
Бәрін жеңдің, туған жерге жетпедің.
Өзің болып жеттік атамекенге,
Кім-кімің де санай алмас бөтенге.
Сонау заман өзің жаққан ошақта
Лауласа от, оның кемдік етер ме?!
Қайран әке, құзыретіне өктемнің,
Бірі өзің ең басын имей өткеннің,
Тәбәрік ғып Маңғыстаудай жеріңнің
Топырағын бейітіңе ап келдім.
ІІ
Әке, ертең Маңғыстауға қайтамыз,
Қош болыңыз,бақилық қой ортаңыз,
Жиі-жиі келе алмаспыз басыңа
Енді алыстан “тие берсін” айтамыз.
Қара жолда айнымай бір нүктеден,
Асығамыз, ісіміз көп бітпеген.
Әке, өзің рухыңмен жар болып,
Қағып тұршы, кесапатты күтпеген.
Басыңа кеп, құдай өзі жеткеріп,
Саған деген бір парызды өткеріп,
Біздің көңіл соған дағы хош болды
Өзің жайлы айтылғанда естелік.
...Сонау жылдар оталдың да көктедің,
Кештің бастан ызғарын да өкпегін.
Тауқыметтің бәрін көріп бірақ та
Көре алмадың тәуелсіздік жеткенін.
Көре алмадың ұл-қызыңның өскенін,
Өзің айтқан атажұртқа көшкенін,
Кіндік қаның тамған жерден сен жаққа
Сағыныштың самалындай ескенін.
Уақыт сырғып, жатыр бәрі алмасып,
Тірлік барда, алдымызда бар нәсіп,
Әке, өмірің ұрпақтарың арқылы
Болашаққа бара жатыр жалғасып...
ІІІ
Әке,сенің
Бейітіңнің басына,
Келіп, маңдай тіреп құлпытасыңа,
Кетерімде тұрдым іштей егіліп,
Өзіме-өзім қайрат бердім:
– Жасыма!
Қасиетті Маңғыстауда туылып,
Жөн-жосықсыз жат өлкеге қуылып,
Ғұмыр бойы ащы терге жуынып
Жүрсең дағы
Көрмеп едің ешқашан
Атажұрттан суынып.
Енді міне,
Татар дәмің таусылып,
Жүрек тоқтап калған кезде
Тән суып,
Жат топырақ
Жатыр сені қаусырып...
Кіндік қаның тамған
Сол бір өлкеде,
Ұлдарың жүр
Биік намыс, өр кеуде.
Сен деп келді,
Енді елге қайтады
Үміт артып ертеңге.
...Өмір заңы
Суша уақыт жатса ағып,
Ғұмыр өтіп,
Екіншісі басталып,
Арман бар ма, кетсең мәңгі ұйқыға
Өз жұртыңның топырағын жастанып..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇