Өлеңдер ✍️

  19.07.2022
  93


Автор: Бақтыбай Жолбарысұлы

БАҚТЫБАЙ МЕН КЕРБИКЕ айтысы

Кербике:
Бақтыбай, қайдан келдің ешкіңді айдап,
Ойда жатқан жатақсың сорың қайнап.
Біз болсақ көк жайлауға көшіп барып,
Қымыз ішіп жатырмыз, бие байлап.
Бақтыбай:
Қызыл шолақ сиырға мініп жайдақ,
Кетіп барам ауылға ешкімді айдап.
Ешкі малы жауынға шыдамсыз ғой,
Ыққа қарай қашады тырағайлап.
Кербике:
Бақтыбай деген ақын сен екенсің,
Ақын атың жайылған сері екенсің.
Біздің үйдің қойшысы өгіз мінер,
Сол қойшымен, ақыным, тең екенсің.
Бақтыбай:
Мен де білдім, Кербике, кер екенсің,
Кедейлерден үзбеген келекесін.
Жалайырды билесе Құтым болыс,
Құтымды бұты билер сен екенсің.
Құтымның бар деуші еді кер ауызы,
Тоқал қатын болған соң өр екенсің.
Кербике:
Қуа берген аулыңа ешкіңді айдап,
Сиырыңды мінбейсің ашамайлап.
Маңдайыңда бағың жоқ сорлысың ғой,
Біздер құсап жүрмейсің гүл-гүл жайнап.
Бақтыбай:
Сен барасың жайлауға малыңды айдап,
Қымыз ішіп келерсің гүл-гүл жайнап.
Күздігүні болғанда Шұбарға кеп,
Бидай сұрап жүрерсің тілің шайнап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу