Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  66


Автор: Ғафу Қайырбеков

ЖАЛҒЫЗ АЯҚ ЖОЛДАР

Жүгіруші ем жасымда
Жалғыз аяқ жолдармен,
Апаратын асуға,
Яки суға, орманмен.
Кейде қиыр көкжиек
Өрге жіптей ілетін,
Көкжиекке иек сүйеп,
Күн астына кіретін.
Сол жолдарды жұмбақтай
Көруші едім бір тылсым,
Өмір ме екен шумақтап
Тастап кеткен кім білсін?!
Əрбір жолда адамның
Тағдыры бар секілді.
Алғаш ізін салған кім,
Кім жобасын келтірді?
Бір жүргенің із ғана,
Көп қайталау – жол болмақ.
Ізді «жол» деп біз ғана
Айтып жүрген долбарлап.
Дала – кітап, жол – жазу
Дала төсі қым-қиғаш.
Болмай одан көз жазу,
Көп қараймын бұрмай бас.
Ұзақ жолды қызықтап,
Қысқа жолдан түршіктім,
Жолы болмау – қазақта
Белгісі ғой қырсықтың.
«Жолымды бер» – дейді олар,
Ол – сұрауы кезектің,
Əркімнің бір жолы бар,
Құты болғанға не жетсін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу