Өлеңдер ✍️
АРҚАЛЫҚҚА СƏЛЕМ
Арқаның аманбысың жер тірегі,
Мені де сақтап жүрген ел тілегі,
Құйылдым аспаныңнан ақ жұлдыздай,
Анамның шақырғандай көкірегі.
Қыздарың ағатайлап, гүлге бөлеп,
Ұлдарың қағып алып кетті мені.
Мен сенің он екі жыл қасыңдамын,
Есімде жаңа отаудай ашылғаның.
Есімде тұңғыш пəтер үйіңде мен
Елімнің талай таттым асыл дəмін.
Сенің де жақсы есіңде деп ойлаймын,
Жүрегім, саған деген ғашық жаным.
Бүгін де тұрып алып төрт жарымнан,
Өлең боп ала таңнан ақтарылам.
Не ғажап, саған келсем көз ілмеймін,
Жақсылық тосатындай ақ таңыңнан.
Арқалық – туған өлкем астанасы,
Сенімен жалықпаспын мақтанудан.
Сəулесін қандай жомарт шашқан айың,
Апамдай күміс басқан ақ самайын.
Жұлдыздар бауырларым секілденген,
Жатырқап сені қайтып жат санайын,
Аман бол, Арқалығым, өс-өркенде.
Аман бол, ардақ туыс, жақсы ағайын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter