Өлеңдер ✍️

  27.06.2022
  146


Автор: Марфуға Айтқожина

Өмір – өзен!

Өмір – өзен!
Нағылған ағынды едің,
Аласұрған ағынға бағын дедің.
Бағынбадым еркіңе басымды иіп,
Қолында емес ешкімнің, бағым менің!
Өз қолымда бағым да, бақытым да,
Білген біле жатады уақытында.
Басымдағы бақытым –
Еркіндігім,
Керек емес, жалтылдақ жақұтың да!
Керек емес, атақ пен мансап деген,
Атажұртым артық деп,
Аңсап келгем.
Арманыма аңсаған қол жеткенде,
Жалғыз тілек,
Жарқырап,
Жансақ деген!..
Мөлдіреген бұлақтай күміс үнді,
Жырларымнан танырсың,
Тынысымды!
Толқындаған көлдерің неткен тұнық,
Ормандары оюлы, шыңы – сырлы.
Мен өзіңді осылай елестеткем,
Қайта оралып келетін –
Емес, көктем!..
Орала алмай еліне туып-өскен,
Анам сені –
Аспанмен теңеп кеткен!..
Содан болар, биікке қарайтыным,
Содан болар,
Сонша асқақ, арай-шыңың!
Жастығымның ұйқысыз талай түнін,
Содан болар, сезімге орайтының!
Жүрсем-дағы жүзімді шайып мұңмен,
Қанатымды арманға жайыппын мен.
Сонда-дағы келесің мейірленбей,
Біле алмадым,
Қателік,
Айып кімнен?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу