Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  150


Автор: Сағи Жиенбаев

ШОПАН ҮЙІНДЕ

Осы бір жалғыз үйге жылда келіп,
Кетемін жүрегімді жырға көміп.
Бір өзі бүкіл таудың еркесіндей,
Тұрады мені көріп шыңдағы елік.
Көргем жоқ бірақ әлі оңай барып,
Жатады жолда талай тоғай қалып.
Қашанда мен бұл үйге жету үшін,
Шығамын таудың өзін он айналып.
Ақ толқын тас төбемнен келеді ағып,
Кетердей қақпақылдап төмен алып.
Баурайда қалғып жатқан бала бұлттар,
Кіреді меніменен ере барып.
Жалғыз үй–жалғыз жұлдыз тұрған күліп,
Жан-жағын жанған отпен нұрландырып.
Өздері-ақ алдындағы қойларымен
Жатады дүниені думан қылып.
Ұқсайды үй иесі дәу шынарға,
Тұрғандай кешкілікте тау шыңы алда.
Жақын кеп түн ішінде түстемей-ақ,
Таниды ол қойларының даусынан да.
Таниды ол қандай шөп бар қай асуда,
Қай жалдың түнетеді саясында.
Бұлты да қалмайды одан жасырынып,
Бүкіл тау бір көзінің аясында.
Жаңбырда жүреді ылғи жонда тынбай,
Жыртқыштар түн жамылып жортатындай.
Аңдар да қосауызды мылтық емес,
Атамның тек өзінен қорқатындай.
Жалғыз үй–жаппасы емес бір адамның,
Жарқылдап жан сергітер тұрағы әннің.
Жалыны асқардағы мұзды ерітіп,
Жылытып тау денесін тұрады әр күн.
Бір әуен аралайтын сияқты әр күн,
Үстімен белес-белес қыраттардың.
Тіршілік өрмелейді қанат жайып,
Сазымен сыртылдаған тұяқтардың.
Жалғыз үй–жалғыз жұлдыз тұрған күліп,
Жан-жағын жанған отпен нұрландырып.
Өздері-ақ алдындағы қойларымен
Жатады дүниені думан қылып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу