Өлеңдер ✍️

  05.06.2022
  342


Автор: Қуаныш МЕДЕУБАЕВ

ШЫҒЫСТЫҢ ҚҰСЫ

Шығыстың қызы! Алтайдың дүрия көркемі,
Жанымды жалын, көзімді сағым өртеді.
Ерке қылығы еркектің бəрін елтеді,
Өйткені, оның əрбір қимылы ерке еді,
Қылығы мендік жүректің қылын шертеді,
Шығыстың ақын аруы неткен ерке еді,
Бүгіні ғажап, ертеңі қандай, ертеңі –
Мен сағынатұғын бала күнімдей ертегі.
Шəрбатын ішіп аққулы айдын көлінен,
Ғаламға сыймас сұлулық кейпін көріп ем
Ол-дағы менің жүрегіме ынтық бейдауа,
Гүл үзіп берді көктемі жүрген төрінен.
Самырсып тұрған самырсын жұпар келбеттім,
Кəусарын аңсап, сезімге сусар шөлдеппін.
Алтайдан ұшқан аққуды ертіп, қанатты,
Жүрегімдегі періште көлде тербеттім.
Əрі де манат, бəрі де ғажап ондағы,
Қызғалдақ тағдыр алқызыл жауқаз жолдағы,
Мені де көміп, еліне көрік жанары,
Маздады келіп шырағым болып қолдағы.
Күлкісі таңның арайын қуып ғаламнан,
Ботакөз қалқа киіктен сұлу, маралдан,
Жаралған жан-ау пейіштің кəусар нұрынан,
 Даламнан аққан шəрбат бұлақтан нəр алған.
Болмысы бөлек, шолпысы кенет шашылса,
Жанарым бұрқап жарқ етер едім жасынша...
Шығыстың құсы еліне ұшып кетеді-ау,
Аңғал жүрегім абайсыз бір күн ашылса...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу