Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  184


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Жүзі жарқын, қабағы ашық жандай..

Жүзі жарқын, қабағы ашық жандай,
Ер қадірін түсінер асыл жандай
Төр басында біреулер отырады
Игі жақсы бастары қосылғандай.
Осындай да пенделер көлгірсіген,
Атақ алған, шен таққан, елге сінген,
Ажырата алмайсың қапелімде
Адамдарды айыру белгісі кем.
Кеше ғана жан еді танымаған,
Біреулердің түсіп тұр күні маған.
Ел көзінше тістерін ақситады,
Жұрт кеткен соң дей ме екен: «қауып алам!»
Жөн-жобаны білетін адамға ұқсап,
Бірақ, жалған жаяды маған құшақ.
Алдымдағы табаққа қол созбаймын,
Адал етке тигендей арам пышақ.
«Дастарханда бастама бекер бүлік»,–
Деп құрдасым кей кезде кетеді іліп.
Арақ ішкен адамдай отырамын,
Былай шыға жүрегім көтеріліп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу