Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  75


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ҚЫЗЫЛОБА

Қызылоба. Тал, терек жасыл-жасыл
Судырайды-ау ақ жауын басылғасын.
Жылға суы жымысқы, жылжып аққан,
екеумізді тал түсте бір жылатқан.
Қызылоба. Тал, терек ыбыр-сыбыр,
жел тұрғанда сен-дағы ыңырсыдың.
Тал иілген – ақ басын ол да игесін...
сабақтатар кім маған енді инесін.
Қызылоба. Тал, терек судырайды,
судырайды, жылғада су жылайды.
Маңай жасыл, жапырақ ызың-ғызың,
тек қабірдің топырағы қызыл-қызыл.
Қызылоба. Қарайды ел қабірді асып,
шаруа айтады қайбірі дабырласып.
Жетім адам мен енді – белгілі адам,
«қарағымды» кім айтар енді маған.
Жасыл-жасыл шөп кірпік қыбырлатты,
қызыл-қызыл топырақ дүбір қақты.
Титтей дене қабірге түсіп кетті...
қысып кетті-ау жүрегім, қысып кетті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу