Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  95


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Сағыну ма...

Сағыну ма,
аңсау ма,
Сарылу ма?!.
Ақталу ма,
ағынан жарылу ма?!.
Неге екенін білмеймін,
Соңғы кезде
аңқам ауып,
ақыл-ес арылуда.
Кінәлідей
алдыңда қипақ қағам,
Сырым саған
қалды ма сыйпатпаған?!
Қаңғыбастай
қиялым қаңғырады,
Қоналқаға
қонатын үй таппаған.
Ұясының
ұйықтап ұңғысында,
Босана алмай
жатқандай тұңғышына,
Ауыл-Ана
кеудемде күбірлейді,
Жанастырып
жалғаным «жыл құ
сына».
Мен де саған,
Сен маған ұмтыламыз,
үйіріліп
мұң-зардың бұлты нағыз...
Қауышқанда
айтатын сөз таба алмай,
Жағасындай
жалғанның жыртыламыз.
Кездескенде
кетеді үркіп қайғым,
Жанымызды
жаурасақ жылтыпты Ай, Күн!..
Самалымен
сусындап Сандықтастың,
Шалғынына
оранам Бүркітсайдың.
Иіскелеп
жусанын жай табамын,
Сезіміме
сіңіріп байтақ әнін!..
Арқалатқан
ауылдың аманатын
өлең-жырмен
өзіне қайтарамын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу