Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  503


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Тал бесігім

Туған жерім,
Тал бесігім – қымбаттым,
Жүрегіме жалын құйып нұрлаттың.
Көңілімнің терезесі суланса,
Жібек желдің желпуімен құрғаттың.
Маған бердің махаббаттың барлығын,
Уайымсыз өткен Сенде қалды күн.
Табанымды топырағың қыздырды,
Жоғалтқам жоқ сол жылудың қалдығын.
Мен мұңайып,
Сен мұңайып бұл күнде,
Ұға алмаймыз құйып жатыр нұр кімге?!
Сәл алыстап кеткен кезде өзіңнен,
Жүрегімнің суынғанын білдің бе?!
Жонын кезіп келем шилі Жотаның,
Қышқыл дәмін татып ала ботаның.
Әрбір үйің қарт бүрадай шөгерген,
Жатырсың ба кіп-кішкентай Отаным.
Жатырсың ба мені күтіп,
Келер деп,
Әр дүбірге құлақ түріп елеңдеп?!
Тотыяйын түстес ауаңды сіміріп,
Ақ сүтіңді еміреніп емем кеп.
Емемін де жасарамын қайтадан,
(Шалабың да шырын маған шайқаған).
Ұланым-ай,
Жыр-әнімсің таусылмас,
Қалса-дағы күнім сөніп,
Ай қараң…
Алаң көңіл, түңіл мейлі түңілме,
Екеуміз де еріксізбіз бүгінде.
Қан базарда қасап қылып, не қылсын,
Сатып бізді жібермесе түбінде?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу