Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  103


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Дуалсыз қорғанды аңсау

Бұл әпсана ұсынады оң ұстам –
Құранмен де, хадиспен де тоғысқан...
... Санжар сұлтан астанасы Салыққа
Әскерімен қайтыпты-мыс соғыстан.
(Қарт тарихтан жыр ұққанмын, сыр аңдап,
Қасіреттер аз болмады – құлан қақ.)
Кең көшені лық толтырып жүмілә,
Сарбаздарды қарсы алады ұрандап.
Қуаныш пен шаттық бөлеп ел ішін,
Ұлықтапты жеңімпаздың жеңісін.
(Сірә, кімдер күреспеді дұшпанмен,
Кіндік қаны мөр боп тамған жер үшін?!)
Бітпейді әлі оқиғаның саласы,
Дөй тағдырдың қырсығына қарашы:
Бір нән үйдің шатырынан қарап тұр
Дін ұстанған дәруіштің баласы.
Жұрт білсін деп мергендіктің сабағын,
Кенет сұлтан тартып қалды садағын.
Жазған бала ұқсап кеткен бүркітке –
Бүріп алып, жеп отырған «тамағын».
Атылғасын ұшқыр жебе ысқырып,
Құлатады қара жерге «құсты» ұрып.
Өкіну бар, қайғыру бар, жылау бар...
Бірақ Құдай жібермеді түс қылып!
Мүрде жатыр жұрт үрейін ұшырып,
Әрең келген жеңісті де ысырып.
Дәруішке сұлтан сосын тіл қатты,
Қылышы мен әмиянын ұсынып:
- Майып еттім қаршадайын кісінді,
Кешірмессің жазатайым ісімді.
Қайран қанша, өлген ұлың тірілмес,
Пенделікпен тасытыппын күшімді.
Құн төлеймін Заңымыздың жолында,
Мендік өмір – енді сенсің қолыңда.
Ештеңеден қорықпастан қылышты ал,
Өлтір мені, айтқанымды орында!
– Патшам! – деді қаралы әке – күйікті, -
Сенің даңқың баршамыздан биік-ті.
Әділетің даңқыңнан да заңғар ғой,
Сені өлтіріп, бұза алмаспын тұйықты.
Сақтап келем Пайғамбардың сүндетін,
Әділ болмақ – менің дағы міндетім.
Құн қажетсіз, ұят қажет маған тек...
Ал, ажалдың келмесіне кім кепіл?!
– Адам қалай әділдікке жол ашпақ,
Түгесілсе жомарттығы толастап?!
Жақсылығы сатусыз жан екенсің,
Ақтап жүрер сенімімді зор асқақ.
Әділ билік – адалдықтың батыры,
Әділ билік – арамдықтың ақыры!
Бас қазығы мұқтаж еді Ордамыз,
Сенсің оған лайықты Һәм хақылы!..
... Бұл аңызды жазған жоқпын жұмбақтап,
Алшы мәнін көкейіңе құндақтап.
Ізгіліктен жаратылған көне сөз
Күннен-күнге кете бермек қымбаттап.
«Анау болса – айран ішіп құтылды,
Мынау болса – шелек жалап тұтылды...»
Қара қылды қақ жаратын Әділдік
Біздің елге жетпей тұрған сықылды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу