Өлеңдер ✍️
Барақтың аты өшпейді
Кеудеде бүгін шырқатып Намыс, Ар əнін,
Тұтастығыңды, Елім, танытып тағы жарадың!
Көтеріп көкке жатырсың Ұлттың Ұлы деп,
Сатыбалдының Барағын.
Байтақты мынау «мызғымас мəңгі ірге» деп,
Құрбандық соған жаным мен тəнім бірге» деп, –
Кəуірге қарсы қаймықпай шапқан жұрты үшін,
Барақтың орны бір бөлек!
Жанынан жұлып алам деп елдің Алласын,
Жеткенде дұшпан – аттандап шаппау Арға сын.
Батыр ол – Елге басынып келген дұшпанның
Доп қылып тепкен кəллəсін!
Ойрат пен Орыс Барақ бар елге бата алмай,
Қалтырап қолы, ту сыртынан да ата алмай, –
Ішінен іріп, ішқұса болды қанша жыл,
Үстірттен аттап өте алмай!
Қарасақ бір сəт көркіне сонау жылдардың,
Сезеді жүрек өрлігін қайсар ұлдардың.
Мына далада басылмапты əлі шаңы да,
Ер Барақ мінген тұлпардың!
Басылсын неге?
Сейілер қалай ол шаңдар?
Шықпаса шаңың – арамза жауың алшаңдар.
Өрлігіңді ешкім өте алмас аттап, бабаңның
Рухына адал болсаңдар!
Бақ қонған кезде тұғырын анық тауып кеп,
Жармаса алмас жағаңа ешбір қауіп кеп.
Кееремет қандай, Барақтың өркен жайғаны
Асау боп жəне Дəуіт боп!
Сөйлескен шақта тілімен алмас қылыштың,
Ғұмырдың соңын алады болжай дұрыс кім?
Қос батырға мəңгілік бесік болған жер,
Киелісін-ай Тұрыштың!
Батырдың дəуірі кетсе де бізден жырақтап,
Сағынған кезде жетеміз оған бір аттап!
Бақыттымыз біз,
Атадан жеткен Өнеге
Жүректе қалса тұрақтап!
Маңғыстау маңғаз бұлғаса қолын қиырдан,
Үстірттің үсті жолдаса сəлем құйыннан, –
Есінен елдің Барақтың аты өшпейді,
Ұрпағы тұрса аман-сау
Аруағына сиынған!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇