Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  223


Автор: Гүлбақыт Қасен

Қас қағым сәт

Қас қағым сәт,
Өтіп жатқан сағаттар.
Әр кеудеде сарқылмайтын тағат бар.
Өкпелеме,
Зырғып өткен уақытқа.
Мүмкін бәрі... асығады бақытқа.
Иә, солай...
Бір күн өтті,
Өзі қысқа өмірдің.
Күркіретті найзағайын көңілдің.
Иә, солай...
Бір ай өтті,
Жақындатып бір айды.
Жұмбақ әлем жауабын кім сұрайды?
Иә, солай...
Көктем өтті,
Гүлге орап бақтарды.
Ғашық жүрек сырын кімге ақтарды?
Иә, солай...
Жаз да өтті,
Тамылжытып тамызды.
Орындалып мұрат-мақсат маңызды.
Иә, солай...
Күз де өтті,
Беттен өпті самалы.
Қимас сезім тырналарын санады.
Иә, солай...
Қыс та өтті,
Жауып аппақ мамығын.
Қар астында қалып қойды қалың мұң.
Иә, солай...
Бір жыл өтті,
Сағынышпен сарғайып.
Армандарға қанат байлап самғайық.
Өтер уақыт,
Мезгілімен қоштасып.
Өтер ғұмыр мәңгі өмірмен достасып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу