Өлеңдер ✍️
Семсер мен Қалқан туралы
Əй, осы бір мінез-ай тұрған оңбай,
кең далада ұйтқыған құм борандай!
Мінездіні қалыптар бұл жалғанда
құйын болмыс қалайша жүр жоғалмай?
Басы – құздай жататын мұнар басып,
мұнар басқан құздарға қыран ғашық!
Жарқ-жұрқ еткен найзадай көздерінде
тұр сəт сайын бұрқақ пен нұр алмасып.
Ол көздерге жаға алмай жұрт қапылып,
ұқпайды олар қаларын шық та тұнып.
Жарқ еткенде айбары жақтырмасын
жіберердей тақырға тік батырып.
Сырды аңсайды, сыпсыңды бұлақты ұрмай,
өзі жалпақ жердегі бір-ақ шыңдай.
Қуанғанда құлдырап құлын жаны,
қайғырғанда жатады құлап, тұрмай.
Жалғандықтар жосалап жанын осып,
күн кешетін сəт сайын жанып, өшіп,
бір құдірет керек қой жыр – əлемге
жанартаудай жүрегі, жаны – бесік,
өмір – дауыл, тұрмайды тас қажалмай,
жанарың да, жырың да жасқанардай.
Шүкір, жырда бір алып болғанына
тазартатын жаныңды ақша қардай!
ІІ
Жырлар керек
жетелейтін қиялдай бал арманға,
от ойнатар мұң тұнған жанарларға.
Қиянаттан күрсінсе Батыр-уақыт,
Махамбетше турайтын қақыратып
айбалта-жыр керек-ақ адамдарға.
Жырлар керек
жаурағанда сездірмес жел екпінін,
дірілдетер жаныңның ерек гүлін,
бір-біріне ұмтылған алыс жүріп,
жүректерді
кететін табыстырып
мөлдір жыр да,
мұң жыр да керек бүгін.
Сезесіз бе –
бар осынау күрделі ғасырда ызғар,
алай-дүлей дауылдар,
жасыл мұздар...
Қару десе, тыяды бұлақ та үнін,
мылтық, бомба қажетсіз!
Бірақ бүгін
тек қарусыз қалмасын асыл жырлар!
Жырлар керек
қияларға бастайтын,
нұр-шыңдарға,
мезгілдердей мəңгілік тылсымдарға.
Жер бетінде бар əлі күңкіл, егес...
Семсерлерді мұқалту мүмкін емес,
ана-жырда дəл сіздей ұл тұрғанда!
* * *
Басқа қызды жар еттің. От-жалынмен
мені сүйген жүректі аямай-ақ.
Тікенекті өмірдің соқпағымен
тартып бердің əйтеуір жалаң аяқ.
Саған деген сезімнен есім кетіп,
өртеніп-ақ жатамын қызғаныштан.
Келе алмадым сонда да шешімге түк,
шаншу алды жанымды, ызғар ұстап.
Білем əлі жүректер ұғысарын,
бірақ көрсем – жалынды басып-жаншып,
асқақ қарап өтуге тырысамын,
сенен өзге біреуге ғашық жансып.
Тағдыр бізді осылай тұсады да,
екі айырды. Аңсаушы ек тел өсуді.
Беріп сені басқаның құшағына,
серік қылып жүрмін тек елесіңді.
Жұртқа жұмбақ болды да мендегі елес,
біреулерге бұл күнде мазақ та өзім...
Махаббаттың күйігі – ерлер емес,
əйел ғана шыдайтын азап-төзім.
* * *
Біз екеуіміз біргеміз.
Бақыттылықтан жанарымда менің қалды ғой күміс
шық тұнып.
Дүние деген тып-тымық!
өліп-өшкен бар болмысыңменен сен отырасың тіл
қатпай,
жанарыңмен ғана ұқтырып
(адамдар бүгін бірінен бірі алшақтап кеткен заманда
ұғысу деген – мықтылық!)
өмір бізді айырсын –
бұған да тіпті қайғыдан өксіп өкінбен,
түндерде мейлі арпалысайын жанымда жанған отыммен,
мейлің сен тіпті басқа жанменен мен жоқта
оңаша қалып отыр ма ең –
бəрібір мені ұмыта алмайсың. Мен сенімен біргемін
ұғысқан алғаш со күннен.
Менің аусарлау ақылдым!
Қақтығысы мол жер үстін басып жанымда өзің жүргелі,
қажыта алмайды мұң мені.
Мен жиіркенемін кейбіреулерден. Сүю дейтіні олардың
төсекте жатқан түндері.
Бұл дүниенің қасіреті меніңше – ұғыса алмайтын жандардың
түсініскен боп жүргені.
* * *
Өлең көп деп біреулер жазғырар ма
махаббат, сезім жайлы.
Олар, əттең, мендегі жазды ұғар ма
жолдар келіп тұрғанда өзің жайлы.
Өзің жайлы –
өкініш, өсегі мен
құштарлығы тағы мол өмір жайлы:
құштарлығым күн сайын өседі де,
қуаныштан тəттірек со бір қайғы.
Өмір – сенсің, бар жұртты ұмыттырып,
өзіңді құштыратын.
Ішіп-жеген жанарыңды үміт қылып,
күттіретін біткенше күш-қуатым.
Сенсіз жырмен жоқ менің тілдеспегім,
қайтем енді біреулер оны ұқпаса...
Бұл күнəкар тірлікте жүрмес те едім,
өзіңмен жолықпасам.
* * *
Алтын арай атқанда таң нұрланып,
Жыр-көктеммен құлпырды дала-кілем.
Құшағым – гүл. Келемін бал-бұл жанып
жастықтың алаңымен.
Қыз арманы секілді алғы уақытым,
шырын сезім жүректе, жанарда да.
Əлем сыйлап тұрғандай бар бақытын
жалғыз-ақ маған ғана!
Жастығыма болғандай уақыт ғашық,
жетелейді өмірдің бағына əсем.
Сезім көлі – жанарың бақыт шашып
келесің жанымда сен!
... Талқысы мол тағдырдың бір басында,
ұлылықты үреймен алыстырған –
бас иеміз сонда да бұл ғасырға
екеумізді табыстырған.
* * *
Екеу-ақпыз. Отырмыз тіл қатыспай.
Сен Күншығыс, мен бейне Күнбатыстай.
Бұл үнсіздік қанша күн өмір сүрмек,
жүруші ек қой қайғы да, мұң да құшпай.
Неге-неге осынша алыстадық,
өліп-өшкен жүректі жаныштадық.
Сен отырсың жігіттік өрлігіңмен
иілуге алдымда намыстанып.
Менде ме деп бар кінə, мұңға баттым,
құптамаппын бас иіп, тыңдамаппын.
Көтергендей аспанды мен де отырмын
нəзік жыныстығымды бұлдап-ақ тым.
Қойшы, жаным, пайда не бұдан ұтқан,
жүдеу тартты дүние, құлазып маң.
Біз екеуіміз «сыймаймыз», несіне онда
татулықты күтеміз мына жұрттан...
* * *
Налып келдің соншалық, тұнжырадың
өсегімен біреулердің.
Мен де өзіңмен қосыла қынжыламын,
мұндайда жүдеулеумін.
Қабағыңнан –
менен артып жан ұққан ба! –
іздеймін күлкі таңын.
Табынарым – сен бұлай жабыққанда
мен кімді пір тұтамын...
Жақсылықтың бəрінен түңілмеші
бір-екі жаман үшін.
Қайғы қылдың, жаным-ау, мұның несін
болмаса жалаң ісің?!
Түңілер сəт шындықтан өтер кейде,
өшетін үміт, сенім...
Бірақ өмір шарт мінез. Көтермейді
күйректігін жігіттердің!
* * *
Сен үшін сонау алыстардағы елес ем,
осынша мені арман қып келдің неге сен.
«Сыртыңнан сүйіп жүретінімді сезуші едің ғой»
демесең,
мен саған ғашық емес ем.
Бас иген көп-көп бозбалаларға паңдана
асқақтау басып, бақытты болдым. «Сонда да
жан-жүрегіңді толтырар бір жан жетпей жүрді ғой»
демесең,
мен саған ғашық емес ем.
Бір дауыл сəттің соғарын сезіп жүргенмен,
сен екеніңді білген бе ем...
Əйтеуір, жаным, «бұл күнде менсіз жүре алмайсың ғой»
демесең,
мен саған ғашық емес ем.
* * *
Самолетке барамын көтеріліп,
Көкіректі күдік-жел өтеді ұрып.
Асау көңіл жабығып осындайда,
оралмастай көрініп кетеді үміт.
Жалтаңдаймын «қалайша ол жетпеді» деп,
көтеремін тырмысып өкшені кеп...
Сонау тұрған көп жанның арасынан
сенің жүзің елестеп кетсе еді деп.
Орап жақсы сөздердің құндағына,
достар қалды қолдарын бұлғады да.
Жетпейді ғой өзгенің ақ тілегі
тіл қатпай-ақ өзіңнің тұрғаныңа.
Үнсіз-ақ сен тұрар ең жанымды ұғып,
(түсіну де, меніңше, дарындылық)
сенің келмегеніңнің өзі-ақ мені
оралдырар мың есе сағындырып!
* * *
Келесің дəйім шілденің
от күні болып, ынтығып,
құшағыңда құрып сүлдерім
шыға алмай қалам бұлқынып.
Кетеді сонда жон аттап
тəкаппар менің өрлігім,
жанарда жүрген қонақтап
қоңырқай күздей сорлы мұң.
Сендегі сезім селінен
еркелей тұрып жасқанам.
Сүйе ала ма екен беріле
біз екеуіміздей басқалар...
Сенімен еріп үйге бір
келеді шуақ жылытып.
Тірліктің күйтің күйбеңін
кетемін сонда ұмытып.
* * *
Мені еркелетіңдер –
тым азып кеттім.
Жаутаңдап қалған жетімдей
құлазып кеттім.
Асау жүрек те бұл шақта
басылып қалды.
Арман жұлдыздар моншақтай
шашылып қалды.
Өзімнен өзім жиіркендім,
көрместей болып.
Армандап жүрген ертеңім
келместей болып.
Жанымды жылжып құшты мұң,
жабығып кеттім.
Алақандардың ыстығын
сағынып кеттім.
Мені еркелетіңдер
жүдеген сəттерде.
Жырақта қалсам, жетіңдер
бір туған əпкемдей.
Сонда бір жасап қалайын
бұлақтай толып.
Қайтадан сосын жанайын
шырақтай болып.
* * *
Мен сені қызғанамын.
Жалт етіп қарағанына емес қыз баланың
(мен ешқашан қызғанбан қызға, жаным,
олар менің қашан да ақ тілеушім ғой –
байбалам сап несіне сызданамын.
Көкірегіңде мен тұрып, шамаң жетсе,
басқа жұртқа мейлің сен жүз қарағын!).
Мен сені қызғанамын
бəз біреулер өктемсіп басынғанда
(өктемсушілер көбейді – ғасырдан ба...),
доспын дейтін жігіттер бірге отырып,
сенен сырын қулықпен жасырғанда.
Осылардың бəрі оқ боп қадалады
сені нəзік сүйетін ғашық жанға.
Сен далаға тартқансың.
маңғаз мінез, кеңдікпен көзіме сен
менің дархан далам боп көрінесің,
өзекті өртеп, аңқаңды кептіретін
отты сезімді алдың ба шөлінен сен?!
Бір-біріңнен айнымай қалғасын ба –
мен даламды да қызғанып, өліп-өшем.
(Мен оны да қызғанам
отаны жат біреулер менсінбегенде,
ей, ағайын, мені тым «жершіл» демеңдер.
Мен төзбеймін жат біреу қожасып жүрсе,
бабаларымның қаны мен тері сіңген жерге!
Тұмау құртқан солардың танауларына
даланың жұпар ауасы келсін бе мүлде!)
Мен сені қызғанамын,
қадіріңді біреулер білмегенде,
сені сырттай көре алмай күндегенде.
Өзің жайлы орынсыз мысқыл айтса,
қаным қайнап кетеді бұл денемде.
... Осыған да шүкірлік. Пақырлық қой
қызғанышсыз, жалынсыз күн көрем деу.
* * *
Алыстарға кетейік.
Қаланың бізді көп жалықтырған күйбеңдерінен жыраққа,
Ақ бас тауларға, аймалап жатқан күміс шолпылы бұлақтар.
Сен ғажайып ертегілердің батыры
астындағы арғымақ атпен айшылық жолды бір аттар.
Өзіңе ғана табынған ессіз мен нəзік ару болайын
тозақ боп сенсіз көрінсін тіпті жұмақ та!
Өңгеріп мені ап кетші
көк ормандарға тылсымын аяқ баспаған,
түнектерімен өр көңілдерді жасқаған.
Толтырсын меңіреу дүниені у-шу дүбірге
сенің екпініңнен қашқан аң!
От махаббатыңнан өртенген маған еркек еместей
көрінсін
жалғыз өзіңнен басқа адам.
Ұмытайық біз сонда
мынау жалғанда біреулер барын жер басып жүрген
айла қып,
өсек-аяңнан пайда алып:
дүниенің бəрі біз екеуіміздің жанымыздай мөлдір
болсын деп,
арманның ақбоз арғымағын Айға байлалық.
Рахаттан сонда жылайын күліп жатып мен
өмірден мың-мың айналып!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇