Өлеңдер ✍️

  13.03.2022
  165


Автор: Рафаэль Ниязбек

МЕН СЕНІ ТАУЫП АЛАМ, АҚҚҰБА ҚЫЗ


Секілді бір бөлігі бар арманның,
Өзі ме ең бұлақ сынды жаңа арнаның.
Мен сені тауып алам кетсең де, еркем,
Ішінде адастырып қара орманның.
Даланың құя салған жал, қырына
Айналып кетші көктем жаңбырына.
Мен сені тауып алам, аққұба қыз,
Шуақ боп кетсең де еніп таң нұрына.
Мен оның әрбір сәтін мақтаймын мың,
Өзі артық қуаныштан бақтай мұңның.
Мен сені тауып алам кетсең де, еркем,
Айналып сыбдырына ақ қайыңның.
Күйіңді маған арнап төксең сеніп,
Не болам бұл өмірден өтсем семіп.
Мен сені тауып алам, аққұба қыз,
Ақ құмға тамшы жас боп кетсең де еніп.
***
Қол созам жарқын көктем, күздеріме,
Шуақ қып мені асырды құз төріне.
Мен кейде барам туған ауылыма,
Сұрау сап құм жасырған іздеріме.
Соңымнан от-шілденің ыстығы еріп,
Алдымнан қарсы алады қыс түнеріп.
 Әлі ізім өшпепті деп сонда ойланам,
Мен құмға жаңа түскен ізді көріп.
Қос самай ағарды ма қырау шалып,
Біткенім көңілімнен жыр ауса анық.
Мен кейде бақ арасын аралаймын
Жоғалған күндеріме сұрау салып.
Жүрегім кейде өзіммен кеңеспейді,
Оңтүстік жылы жақтан жел еспейді.
Кей қыздың көзіндегі мөлдір жастар,
Жоғалған күндерім боп елестейді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу