Өлеңдер ✍️
КӨКТЕМ
Арықта күндегіден көп су ақты,
Жаңғыртты құс біткеннің даусы бақты.
Қомдалып қос қанаты тұр аспанда
Бозторғай бейне қара мең сияқты.
Сезіліп кең даладан қуақылық,
Ақ бұлттың тұр суреті суда тұнық.
Жыл құсы келіп жатыр түстік жақтан,
Шалманың арқанындай шұбатылып.
Үстінен қалқып ұшқан жазираның,
Жүректен көктем əнін тез ұғамын.
Шопан қыз күрең бетін термен жуып,
Көтеріп бара жатыр қозы-лағын.
Табиғат тіршілігі емес бөтен,
Құмартам гүл жамылған белеске мен.
Оранып таң нұрына туса шолпан,
Тұлғасын сүйген қыздың елестетем.
Тұп-тұнық жайма-шуақ сəске қандай,
Балқытып айналаны тастағандай.
Кемерден су тұнығын мөлдіретіп,
Көл жатыр жерден ойған тостағандай.
Тас бұлақ арнасынан күлкі тынбай,
Ойнайды жапырақты түртіп ыңғай.
Барады сайды қуып көбелектер,
Желге ұшқан ақ қағаздың қиқымындай.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇