Өлеңдер ✍️

  21.12.2021
  740


Автор: Естеу Нүсіпбеков

Мектепті алтын белгімен бітірушілер

Болашақ сендердікі, өрендерім,
Білімнің өтедіңдер төлемдерін.
Тердіңдер әр пәннің де жақұттарын,
Тұңғиық сүңгіп жүзіп тереңдерін.

Он бір жыл оқыдыңдар зеректікпен,
Биіктеп еңселерің ерен тіптен.
Он бір жыл сыналдыңдар талап жүктеп,
Дарынмен, талаппенен бөлек біткен.

Ата-ана абыройын сақтадыңдар,
Ұстаздар үмітін де ақтадыңдар.
Енді Отан мақтанына айналуға,
Ел-жұртқа деп тұрсыңдар бап табыңдар.

Сендерді қосады Отан жарыстарға,
Сөрені соза ұзартып алыстарға.
Болады Қазақстан Барыс-Отан,
Сүйеніп өздеріңдей арыстарға.

Болашақ сендердікі, өрендерім,
Мол әлі борыш, қарыз – берерлерің.
Әлемдік биіктерде қанат қағып,
Жүзіңдер теңіз-білім тереңдерін.

Сенемін, сенеді Отан, түлектерім,
Аллаһқа аян ашық тілектерің.
Қайда да ақ күн тусын алдарыңнан,
Жас қалпы мықты соқсын жүректерің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу