Өлеңдер ✍️

  23.11.2021
  395


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

Сурет

Ескі сурет —
ескі күннің бір сыры.
Қарап едім;
жүрегімнің жыршы үні
естілді де,
сол суреттің өзінен ,
үйірілді көңілімнің ұршығы.
Сарғайыпты жапырақтай күздегі,
Беті — өмірдің айқыш-ұйқыш іздері.
Көз алдымнан қызықтыра көшеді
сыр бүркенген өткен күндер тізбегі.
Ескі сурет,
өзге сырсың, өзге ойсың,
тұнып қалған өзге сырды қозғайсың.
Сарғайса да сенің мынау қағазың,
көңілімде сен ешқашан тозбайсың.
Ұстап келе жатып тағдыр шылбырын,
мұңдандыра қалса егер бір күнім —
күндей жарық сол дақтарды ойлаймын,
ешқашан да қылау шалмас кірпігің.
Соның жылы шуағымен қымтанып,
орнығады сонда менде бір қалып.
Жүрегімде сәулелі сыр оянып,
көңілімде шаттық әні шырқалып.
Ескі сурет —
қиялымның маздағы,
бақыт жайлы бұл өмірдің аз ба әні?
Бірақ...
бірақ көрінесің тым жылы-ақ
жауындай аптап қысқан жаздағы.
Түнгі оттайсың —
қалың тұман торласа.
Жұбанышсың — жүрекке жыр қонбаса.
Өткен күнде, шынында да, белгі жоқ,
сен сияқты қастерлілер болмаса...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу