Өлеңдер ✍️

  01.08.2021
  206


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Бiз өткенде...

Бiз өткенде жылама да жоқтама,
«Ақын едi!» - десең, - жетер жоқ баға.
Күнәмiздi Құдай өзi кешiрер,
Кешпей жатса ара түсiп, ақтама.

Бөлеу артық үлде менен бүлдеге,
Керегi жоқ көмiп аза гүлге де.
«Ақын едi!» - дей сал,
айтсаң бiрдеңе,
Одан жылы сөз таппассың - үндеме.

Кетерi бар
Келдi деме несiне,
Көк аспаннан көп iздеме тесiле.
Жылама да, жоқтама да, ойлама...
Өзiмiз-ақ түсермiз бiз есiңе.

Зар емеспiз заңғар биiк мүсiнге,
Жыр оқысақ жарар кейде түсiңде.
Жылау,
жоқтау,
еске алу да,
бәрi бар
«Ақын едi!» - деген сөздiң iшiнде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу