Өлеңдер ✍️

  18.07.2021
  144


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Тұрмағамбет пен Жүрсін

Тұрмағамбет:
Жарайды жазған хатың, інім Жүрсін,
Қиғаш қас, құралай көз нағыз һүрсің!
Баласы Алтынайдың болғаннан соң,
Айбынба, білімге бай, анық дүрсің!
Жүрсін:
Қошемет сөз ғой, Төке, "дүр" дегенің!
"Қиғаш қас, құралай көз һүр" дегенің.
Бұл айтқан сөзіңізден байқалып түр:
"Жазуды жөндей алмай жүр", – дегенің.
Тұрмағамбет:
Қошемет емес мұным, анық еді,
Зейілім сүйегіңді танып еді.
Сөзіме сенбейтұғын сияғың бар,
Неліктен кеулің маған қалып еді?
Жүрсін:
Сөзіңе сендім, Төке, десең ондай,
Інің ем мақтағанмен жүрген оңбай.
Сөзіңе "дуа дарыған" адам едің,
Басыма кетпес онда бақыт қонбай.
Тұрмағамбет:
Басыңа ықпал орнап, бақыт қонса,
Қайырсыз қатарыңа болма онша.
Қазаның халық біткенге қайнап тұрсын!
Жаз салқын болсын үйің, қыс күн монша.
Жүрсін:
Осы айтқан үгітінді ескерермін,
Дүр сөзін өзіңіздей ес көрермін.
Бетіме өз ойыммен кете берсем,
Халық болып қалайынша көшке ерермін.
Тұрмағамбет:
"Көп жаса!" олай десең, деймін, інім,
Ағаның іні азбайды алған тілін.
"Шығады асыл — тастан, ақын — жастан",
Қалай да қайрат қыл да, халыққа білін!
Жүрсін:
Өзім де ұнатамын "білінгенді",
Алармын әрқашанда тілінді енді.
Ойыңнан шықсам, жақсы болар еді,
Болдың ғой сынайтұғын ініңді енді.
Тұрмағамбет:
Мен саған дұшпан ба едім "сынайтұғын?"
Айтпайсың, сірә, сөзді ұнайтұғын.
Ағаңның ақ көңіліне "ит қосасың",
Әрқашан саулығыңды сұрайтұғын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу