01.05.2021
  160


Автор: Мұратхан Шоқан

Ұлттық мүддені, адамзатты сүйіп қорғау керек...

1.Кейбір адамдар ұлттық мәселеде зиялы қауым бізбен бірге болмады деген өкпе айтып жатады. Ұлттың жоғын бірге жоқтаспады деп ренжиді. Бұл жерде түсінбестік орын алып жатыр. Айталық, ұлттық мүддені қорғау үшін, сіздер атпен жолға шықтыңыздар дейік, сіздердің қатарларыңызда, сіздер күткен адамдар сапарға шыққан жоқ... Бұл олардың сіздермен сапарлас еместігінен толық дерек бермейді. Сіздер бара жатқан жерге машинамен, пойызбен, ұшақпен, кемемен әртүрлі көлікпен, әртүрлі бағытпен баруға болатынын ұмытпаңыздар. Қайдан білесіздер? Сіздер атпен шаңдатып барғанда, ұлттың қамын жемейді деген зиялылар алдарыңыздан күтіп алатын шығар...

2.Ұлттық мүддені қорғау өзге ұлттың кемшілігін айтып айыптау емес. Ұлттық мүддені, адамзатты сүйіп қорғау керек. Болмаса, соғыс оты тұтанады.

3. Адамдар көп жағдайда көзбен көріп, құлақпен естіген істерге ден қойып жатады. Ұлттың атынан сөйлеп, ұлттың жоғын жоқтап, ұлтқа қатысты сөздер сөйлеп көзге түскен адамдар ғана ұлтты сүйетін адамдар деп есептейді. ( Бір қырынан қарағанда бұл да жөн.) Бірақ ұлты үшін «үндемей жүріп, үйдей жұмыс тындырып» жүргендердің барын естен шығармаған жөн!

4.Өзге ұлтқа күйе жаққан адам – құдайға күйе жаққан адам. Өзге ұлтқа күйе жаққан адам – өз ұлтына ор қазған адам.

5.Халықтың қамын халықтың қасиетті ұлдарына тас атпай да жеуге болады. Халықтың қамын жейтінін үнемі жарнамалап, халыққа сыйлы тұлғаларды жамандап, зиялылардан халықты айнытуды мақсат ету – халыққа жасаған ең үлкен қастандық.

6.Кейде бір ортадағы жағымсыз иіс киіміңізге сіңіп қалуы мүмкін. Бірақ бұдан алаңдаудың қажеті шамалы. Сәл шыдасаңыз жаңағы иіс күшін жояды... Өйткені жағымсыз иіске сыртқы күш әсер етіп отыр. Сол секілді сізге сырттай айтылған жалған пікірлер, сіздің тұлғалық болмысыңызға көлеңке түсіре алмайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу