Өлеңдер ✍️

  27.07.2026
  11


Автор: Гүлзия Тәжіханқызы

БІЗ КІМБІЗ?

 


Қармауына ілінеміз сынақтың,
Таппай жауап, шешімін көп сұрақтың.
Неткен өмір, бөлеп тұрып шаттыққа,
Еш себепсіз кейде бірақ жылаттың.


Көрсек-дағы мына әлемнің жарығын,
Артқа тастап, шынында өмір жарымын.
Жат қылықтан жирендім бе, өгейсіп,
Шаршадым ба, неге сонша налыдым?


Шешілмейтін сауалы көп бар, бірақ...
Кеткені ме бойдан таса ар, жырақ?
Ақтық демнің туын жығып кейбірі,
Бара ма екен әділдіктен ажырап?


Аш қасқырша өтірікті сіміріп,
Мойнына мінсіздердің сын іліп.
Қанша датта, шындық ізде – таппассың,
Қалмайынша арсыздық пен сұм өліп.


Мерейлене атқан әрбір жасық таң,
Әлсіздерді, біле білсең, жасытқан.
Тойымсыздық тұла бойын тұмшалап,
Тұрған жоқ па құмарлыққа тасып тән?


Жебе атқан олигархтар көкке тым,
Артық айтып, мен орынсыз сөкпедім.
Қымбатшылық жайлап бітті нарықты,
Ауыр болды өмір сүру көпке тым.


Мен несіне көңіл толып мақтанам?
Озбырлықты жарыса кеп бақты адам.
Еңбек етпей, жарнамалап әрнені,
Айла торып, желіден тек тапқан нан.


Сырды астарлы білсең-дағы, сақтап іш,
Ұрпақ өссе салиқалы – мақтаныш.
Дінді ұстанып, жаңылмасаң ізеттен,
Кете қоймас басқа біткен бақ та алыс.


Өртенсе де кейде жанып өзегім,
Болашақтың алды жарық сеземін.
Шалыс баспай жүрсе егер жолынан,
Білімді ұрпақ мойындатар өз елін.


Болашақтың алды жарық сеземін!


Гүлзия Тәжіханқызы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу