Өлеңдер ✍️
СЕКСЕН БАТЫР ІШКЕН У
(Толғау)
Тарихты ізгілікпен ардақтаған,
Бабасын тани білер ар сақтаған.
Елінің өткеніне көз жүгіртпей,
Сорлылар ертеңіне жалтақтаған.
Қазақта батырлар көп, ақындар көп.
Ерлігін мақтан тұтар қақым бар деп.
Азаттық – Құдай берген қазанатың,
Текті ұл тектілікпен тақымдар кеп.
Аңыз боп өрілгенде ақ арманы,
Халықты ұлылықпен бағар маңы.
Мақтаным – Сексен батыр Жабайұлы,
Ұлтының ұлықталар қаһарманы.
Қасқайып қорғай білген төңірегін,
Табатын жауды жеңіп көңіл емін.
Ұрпақтан ұрпақ алып жалғастырған
Батырлар өлмес жыр боп көмілетін.
Тарихты тоқымасаң зерегіңе,
Дипломның бұл өмірде керегі не?
Капитан Пресновты өлтіріпті,
Сүйенсек, қариялардың дерегіне.
Мықтылар – қауіптілер заманына,
Жақсылар дос болмайды жаманыңа.
Ақ-қара арпалысып жатқан кезде
Мүмкін бе көз жеткізу аманыңа?
Майданда құрбан болып надандары,
Дұшпанның нық басылар қадамдары.
Сексенді уысына түсіреді
Преснов бекетінің адамдары.
Қайғыға безбүйректер батырады,
Басыңды кейбір жағдай қатырады.
Сексеннің түсіп жүрген үй иесі
У беріп, достан жауға сатылады.
Жаужүрек түсінді де улағанын,
Өмірдің пайымдады зулағанын.
Атына мініп алып елге қайтты,
Байқатпай іші қызып, тулағанын.
Осылай Сексен батыр уланады,
Сатқынның қызметі де туланады.
Өлгенін ести салып Пресновта
Орыстар үш күн тойлап қуанады.
Қаһарман Бейіт көлде жерленеді,
Тау тұлға бір-ақ уыс жерге енеді.
Өлместей көрсетсе де бұл жалғанның
Мәңгілік емесіне ел сенеді.
Жауыздар маза бермес мазарына,
Құныққан боқ дүниенің базарына.
Сақтанған жақындары айла тапты,
Саналы түрде қарап қазалыңа.
Жауласқан екі жақ та жазалы ма?
Тірлік те айналады ғазалыңа.
Балшыққа қойдың жүнін илеп тұрып,
Оба қып іліндірген назарыңа.
Ессіздер қопарады көрін қазып,
Кеткен соң өз үйінің төрі азып.
Табам деп тырысқан ат әбзелдерін,
Тұрғандай о дүниенің мөрін басып.
Қазғанмен ештеңе де табылмады,
Сорлының пиғылы да шабылмады.
Тыныштық бермей қойды өлсе-дағы,
Ор болып қазылған жер жабылмады.
Обасын дұрыстады жоқтайтындар,
Салт-дәстүр, жорамалға тоқтайтындар.
Пенделер, бас дегенде баспайтындар,
Өтініп атпа десе, оқтайтындар.
Бекітіп басын, белгі тасын қойды,
Қай елден шыққанын да жазып қойды.
Іздеуші іздеп келсе, қиналмайды,
Жаңғыртып жібереді жасын ойды.
Бүгінім кешегіден хат алады,
Маңызды мәліметті жад алады.
Аңғарсаң, Пресновтың есімімен
Ауданның орталығы аталады.
Осыдан менің ішім тулап жатыр,
Еркіндік жылдары да зулап жатыр.
Дәл қазір Сексен батыр атаусыз қап,
Санасын жас ұрпақтың улап жатыр.
Сол уды дұшпан емес, туған берді,
Биіктен көрінуге буған белді.
Қорғауың былай тұрсын, замандасым,
Мекендеп тұру қиын туған елді.
Қазақты қазақ қорлап шеттетеді,
Хайуандар арсыздыққа беттетеді.
Сексеннің ұрпағына у ішкізіп,
Тексіздер лауазымын тек етеді.
Өткенге бүгініммен мақтанбаймын,
Шаттыққа ешқашанда шаттанбаймын.
Қазақта іштарлық пен қулық барда,
Өзге ұлт өкілінен сақтанбаймын.
Әлі де тиылмады ататындар,
Күнәға белшесінен бататындар.
Жатқандай шежіремен сабақтасып,
Сексенді у ішкізіп сататындар.
Тағдырға – тақта, адам пешенесі,
Тарихпен өрілетін келешегі.
Ұрпақты азғырудан сақтап тұрар
Киелі Сексен батыр кесенесі.
Айрылып дала қалмас иенінен,
Құт дарып тұрар берер киесінен.
Зерттесем өз атамның нағашысын,
Туыппын Сексен батыр жиенінен.
Жыр етіп қазағымның батырын да,
Сыйлаймын елдің өжет, батылын да.
Атаңды зерделеу де дұрыс шаруа,
Жатқанын қай ананың жатырында.
Толғауым болашаққа жарайды ма?
Жазғаным бүкіл елге тарайды ма?
Талпынып, тарихымды өрнектедім,
Біреу кеп жазғаныма қарайды ма?
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇