Өлеңдер ✍️

  22.07.2026
  75


Автор: Самрат Құскенов

ЖҰМЫСТАН ҚУЫЛСАМ ДА

 


Қызметпен өлшенбейді бойымдағы,
Қасиет тулаған соң сойымдағы.
Бақытты ақынмын деп айта аламын,
Қалмаған жасырылып ойындағы.


Бұралаң жолдар салып өмірімде,
Әр ісім талқыланған өңірімде.
Орнымнан ысы­рылып кеткеніммен,
Сақталам сыйласымның көңілінде.


Жүрегі таза жанның жақынымын,
Есілдің лайланбаған ағынымын.
Бір кітап құрастырып, қуғындалған
Тәуелсіз елдің жалғыз ақынымын.


Ісім көп айналамды сағындырар,
Уақыт-ай, кешегімді сағым қылар.
Еңбегім бағаланбай жатса-дағы,
Өзімнің биігім бар бағындырар.


Бойымды айлакерлер өсірмейді,
Шын жүйрік шапса, қалай көсілмейді.
Жұмыстан қуылсам да, ешкім келіп,
Тегімде бар дүниені өшірмейді.


Қарғалар мені даттап қарқылдайды,
Бар-жоқты білмей, жаным аңқылдайды.
Босатып, еңбек шарты бұзылса да,
Талантым алмас болып жарқылдайды... 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу