Өлеңдер ✍️

  19.06.2026
  11


Автор: Оралбек Бек

ЖОҒАЛҒАН "АРУ" ТАБЫЛДЫ

 



Түркілерде діл ортақ,
Әсіресе - тіл ортақ.
Шаң(қобыз) не, "хомус" не,
Білген жанға бұл да ортақ.


О, Сахалар, бауырым,
Білесіңдер қазақты.
Жүктің алып ауырын,
Көтерген бар азапты.


Алыс дедік қарысты,
Жақын дедік сүйемді.
Көріп қалып хомусты,
Көкірекке күй енді...


Шаңқобызы қазақтың,
Қайдан жүр бұл өлкеде.
Өзі ғой бұл ғажаптың,
Сұрақ қойған желкеге.


Қасиын ба, қайтейін,
Қырысқан сол желкемді.
Емес шығар жай, тегін,
Жүрек сыздап өртенді...


Аңыз дейін десек те,
Мына жайтты есепте:
Бұл апалы - сіңлілі.
Кім екені белгілі.
Шаңқобыз бен Хомусың,
Қазақтың төл қыздары.
Байқап көрші дауысын,
Ашсын ойың қауызын.


Бәріне


де сенесің,
Сенгенің не, көнесің!
Жүруші еді қос ару,
Тауып істің өресін.


Хомус және шаңқобыз,
Сахараның төрінде.
Қос арудан қалған із,
Сайрап жатыр әлі де.


Зер салыңыз, салмаңыз,
Елдің мұңын жоқтайтын, Күмбір-күмбір шаңқобыз,
Батыр ғой, қол бастайтын.
Қане, ұран сал деңіз,
Дүркіресін көк аспан.
Үнге шыққан тілшеден,
Жал-құйрығы жарасқан,
Аттар сырғып тұмса дем.
Шот шектелі айғырлар,
Топ-топ аяқ бассын кеп.
Тас тұяқтар дауысы,
Алты қырдан ассын кеп.
Шаңқобыз бен хомустың,
Кетті атағы алыс тым.
Жел қуалап әкеткен,
Сыбдырындай қамыстың.


"Екі қызға" ғашық боп,
Аспан асты дүр-р етті.
Қол ысқылап асық боп,
Жердің беті гүр-р етті.


Сай көп жерде қыр да көп,
Қыр көп жерде нұр да көп.
Қанша шыбын қырылды,
Жанып тұрған шамға кеп...


Жүз жыл өтті арада,
Мың жыл өтті арада.
Тосқауылды ұмыттық,
Шыбын менен араға.


Байбатшаны тоң алды,
Жазираны сор алды.
Күндердің бір күнінде,
Хомус ару жоғалды...


Бері шаптық, ары да,
Жоқ табудың қамы да.
Сөйтсек, біздің қызымыз
Бармапты алыстағыға.
Алып қашып кетіпті,
"Қызымыздың" сорына.
Үйтіп-бүйтіп, әйтеуір,
Түсіріпті торына.


Құдалық жоқ, басқа жоқ
Қалың мал да, тас та жоқ
Момын қазақ осылай,
Қала берген қасқа боп.


​...Қыз ұзатып, қыз алған,
Түркі елі ғой бұл заңды.
Саха жақтан естілген
Хомус үні мұңданды.


​Мұңданды да, шаттанды,
Жүрек шіркін аттанды.
Екі қыздың дауысы
Шаттық күй боп бапталды.


​Сахараның төрінде,
Мұзды мұхит өрінде,
Қос ару сілкінісі —
Бүгінгі елдің күлкісі.


​Шаңқобыз бен Хомусым —
Түркілік ар мен намысым.
Күмбірлей бер, қос ару,
Бауырластың бағы үшін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу