Өлеңдер ✍️
ТӨРТТАҒАНДАР (33)
Қаратаудың бұлт кетпеді төрінен,
Қазағымның "жұт" кетпеді жерінен. -
Бәрін сатқан биліктегі қуаяқ,
Садаға бол, ұлы қазақ тегінен!
***
Тебе-тебе тебінгіден тер ақсын,
Үзбе-үзбе үзеңгіден шер ақсын.
Жарты жолда тартар болсаң тізгінді,
Онда сен де қураған бір дарақсың!
***
"Қаптесерлер" қаптап кеткен қоғамға,
"Жын" секірсе одан сайын жаман да!
Ертеңгі күн топырақ та алмайтын,
Ұрлықы бақ қажет пе бұл адамға.
***
Ешкімнің де керек емес көмгені,
Асқар тауды қар басқаны - өлгені!
Тіл сүйексіз болғанымен, ей, қасқа,
Сөздің де бар тұщымдысы, кермегі.
***
Түскендей бір қайта шықпас ұйыққа,
Қайда барсақ тірелеміз тұйыққа.
Қаралыны жұбатуды ұмыттық,
Құндыз тонды ілгенімен иыққа.
***
Ен даланы шарлап жүрген қаңбақ та,
Еніп тұр ғой заңдағы бір тармаққа.
Бұл күндері қорғалады қу шөп те,
Ал, адамның құнын өзің салмақта.
***
Егіп кеткен бір бейтаныс кезбе шал,
Есік алды тұнып тұрған жиде тал.
Күлгін гүлдің жұпарына масайып,
Төбем менің жетпей қалды күнге сәл...
***
Қосын алшақ тігіп қойған туысқан,
Одан қалса сығалайтын қуыстан.
Қаймана ғой, одан саған не тәлім,
Дұрыс болар ертеректеу суысқан.
***
Кейбіреулер қырқысуға батпаған,
Қайғы бар ма, менде іздеп таппаған.
Жанды көрсем іштен тынған тымырсық,
Аласұрып, арқам қозып, шоқ болам.
***
Түк шықпайды жасып, жүдеп жүргеннен,
Түк шықпайды ит секілді үргеннен.
Ұтылады бірінші қол шошайтқан,
Мейлі, қанша, кісі болып жүргенмен.
***
Жалған сөйлеу керек емес ешкімге,
Әсіресе тәй-тәй басқан өскінге.
Жауапты боп, жүрші, қалқам, өзіңе,
Жоғарыдан жазып қойған - бес күнге*.
***
Қайдан келді жарасымы бұл күннің,
Сыйындай боп көңіл-күйім, күлкімнің.
Бір сәт болсын қарағандай боп тұрмын,
Төбесінен тағдыр деген шіркіннің.
***
Көзді арбаған өлкесінде өнердің,
Құлағына сырға тақтым өлеңнің.
Күн бетіне бұлт қондырмас көңілді,
Ай астында тал бесікке бөлер кім?..
***
Теңіздерге ғашық болып көл батыр,
Асқар таудан асамын деп жол жатыр.
Нағыз өмірді ішпен біл де, көзбен көр,
Құмырсқалар бұзаубасты жеп жатыр.
***
Заман солай! Бұл күнде жоқ, кімде не?
Жыртық киім ол да бір сән - күндеме.
Жалба-жұлба шайтан шықса алдыңнан,
Теріс айнал, бірақ, бірақ үндеме!..
***
Табиғаттың болады ғой сан қыры,
Қаңтар айда жауатындай жаңбыры.
Тар таңдайдан құбыла бір шығатын,
Түнгі әуендер, әннің нағыз балғыны.
***
Маздау жыры үдемесе көңілдің,
Бәрі бірдей ауыр менен жеңілдің.
Сын болмайды азу тіссіз ауызда,
Дәмі бірдей арық пенен семіздің.
***
Тақымыңа қайратың да тең болсын,
Ақылыңа айбатың да тең болсын.
Жусауыңды жоқтан құдай сақтасын,
Жақыныңа құшағың да кең болсын!
***
Жеңілтектік жараспайды жігітке,
Нар жігіттер зәру емес үгітке!
Жақсылардың жанарында от жанар,
"Жамандары" аяқ артса жүйрікке!
***
Қиындыққа мойымайтын, сыпайы,
Қыздарымды айт, - қазағымның ұпайы.
Сүтпен сіңген дәстүрім мен салтымды айт,
Түте алмаған қырт-заманның құқайы!
***
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇