Өлеңдер ✍️
Сенің әніңді естісем...
Рақым Бисаринге
Өмір өкініш не деген,
Бұл күнді көрмедің.
Биыл жетпіске келер ең,
Әніңнің керіп өрнегің.
Қияға қанат сермедің,
Сәніңе ел-жұрт елтіді.
Сазымен ән мен терменің,
Таусылмай екпін, серпіні.
Өшкендер қайта жана ма,
Сенбеуші ем солай дегенге.
Мың алғыс, мың мәрте, жан аға,
Сен іңкәр еткенсің өнерге.
Көңілім бүгін шерменде,
Отырмын мұң бұлтын жамылып.
Сен жетпіске келгенде
Тамаша әніңді сағынып...
Сен барда жыршы не, ақын не,
Бірі де сездірмей қуатын,
Әніңді төгілткен сәтіңде
Құлақ сап табиғат тұратын.
Жанарың жалындап сенің де,
Жадырап кететін әлемің.
Әттең, қимайтын өлімге,
Ағажан, аяулы жан едің.
Тамаша етуші ең кешті сен,
Түнді де тамаша қылатын.
Сенің әніңді естісем,
Жүрегім атойлап тұратын.
Өзіңмен кетіпті заманаң,
Жазармын деп пе едім шерлі өлең.
Қырандай едің-ау, жан ағам,
Қанатын қияға сермеген...
ЗЕЙНОЛЛА ӘКІМЖАНОВ
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇