Өлеңдер ✍️

  08.06.2026
  5


Автор: Зейнолла Әкімжанов

Сағынышы мендей ме екен баршаның?

 


Туған жердің төсін өскен аймалай,
Жылдар қайда, күндер қайда жайдары ай?
Сығалатқан киіз үйдің түндігін,
Түнгі аспанмен сырластырған жайлау-ай!


Қою түннің құшағында-атырап,
(Тыныштықты ит бұзады саққұлақ).
Мен түндіктен Айдың жүзін іздесем,
Көзге түсер бейне жалғыз жапырақ.


Ай алып қой, ол түндікке сыймайды,
Ал жанымды балаң өлең қинайды.
Шумақтарды оймен өріп жатамын,
Жүрегімді қағаз қылып шимайлы.


Сол түндерді бүгін түсте көрумен,
Өмірімнің өрнектері өрілген.
Сонау шақта бала едім қағылез,
Бүгін-егде орын алар төріңнен.


Қызыл күнге қыр сүйдірген таңыңның,
Манаураған әрбір сәтін сағындым.
Сенде екен-ау ұмыт қалған сүрлеуі
Балдай тәтті менің бала шағымның.


Есімде жүр ерке желдің ескені,
Өзім баққан жас қозының өскені.
Епті ағам Шаяхметтің мосыға
Ас қоятын тымық, қызыл кештері.


Көзімде тұр жаздың жасыл желегі,
Балдай тәтті күндерімнің дерегі.
Қайран тағдыр, сен ырқыма көнбейсің-
Сол сүрлеуге қайта түскім келеді.


Жадымда жүр өмірдің жаз, көктемі,
Самал желдің жусан басын өпкені.
Сол шағымда ескертпеді егделер
Бұл өмірдің болатынын өтпелі.


Көз жазыппын жасыл-желек, көгалдан,
Қайда қалған бала-қиял, көп арман?
Сағынышы мендей ме екен баршаның
Іздейтұғын тәтті күнін жоғалған?


ЗЕЙНОЛЛА ӘКІМЖАНОВ


"Солтүстік Қазақстан" газеті 3 шілде 2014 жыл 11 бет




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу