Өлеңдер ✍️
Өмір деген...
(Алғашқы ұстазым Сапа Әлмырзаұлына)
Түсінік енетұғын санаға әрең,
Мен онда кішкене бір қара бала ем...
"Жүрекке сәуле қонар самаламен
Адам болар!" деп мені санаған ең.
Сезбеген зымыран күн ілкілігін,
Бар еді лайланбаған бір тұнығым.
Қанатты тағдыр берді қондап маған -
Осыдан болған шығар сілкінуім.
Лесіп көш-керуен легіне,
Кезіктім күнгейіне, түнегіне.
Есейіп ел таныған шақтарымда
Ой салдым, ұстаз, сенің тілегіңе.
Сұңқардай құм-шағылды жерсінбеген
Таңдады жүрегімді, менсінді өлең.
Бәрінен ниетіңді сездім сенің
"Қалайда бұл азамат болсын!" деген.
Азамат, ақын болдым, көлкімедім.
Жырыммен жалындаған толқын едім.
Есейіп елу асып кетсем-дағы,
Екен-ау баяғыдай сол тілегің.
Берумен бақытын да, азабын да
Бұл өмір аялауда, сазаруда.
Ұстатқан әліппені қара балаң,
Жүр екен әлі күнге назарыңда.
- Айтпайын кәрілікті, ағалықты,
Жақсыны жетелейді-ау сана мықты.
Япырау, әлі сені жас көруші ем,
Сенің де шашың бүгін ағарыпты.
Өмірдің бұлдыры көп тегісінен,
Жемісі тапшы болар жеңісінен.
Дараға дырау қамшы тиеді ғой -
Суырылып шыға берсе топ ішінен.
Өлең ғой сені сондай тұлға қылған,
Ұғамын жүректегі сыр-бағыңнан.
Досыңнан жауың көптеу екен, жаным,
Мен соны сезіп жүрмін жырларыңнан...
Айғақтап көңілінің хошын оңды
Ұстаздың ақтарғаны осы болды.
Кешегі кішкене бір қара бала
Кездерім түскенінде есіне енді.
... Беу, ұстаз, кім озады заманадан,
Әйтеуір, тірлік кешер аман адам?
Бақытын таппай аса самаладан
Келеді өмір-көште қара балаң.
Арасын жақсы, жаман анық көрем,
Осы бір ақиқатқа қанып келем.
Өзгеше мектеп екен өмір деген
Болмайтын салыстырып әліппемен...
ЗЕЙНОЛЛА ӘКІМЖАНОВ
«Солтүстік Қазақстан» газеті. 22 ақпан 2002 жыл. 4 бет.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇