Өлеңдер ✍️
Қайсар қазақ
Журналист Мәлік Мұқановқа
Заманға талайлар жүр қолын сермеп,
Жан едің ойың - отты, көңілің - сергек.
Арманың: "Шың басынан көрінсем тек,
Ұлтым үшін құрбан болып көмілсем!" деп.
Айтарың іште қалып іркілмеген,
Ойың жоқ бас қамымен, құлқынменен.
Осында көзі тірі Бауыржан ең -
Тұрсаң да от алдында "ұлтым" деген.
Айтарың сырын бүкпес, айдан анық,
Қолбасы ең жұртты шығар майданға алып.
Жерің жоқ болмашыға әуестенген,
Жүретін жоққа мәз боп, жайға алданып.
Ерлікті сен істеп ең ел сенбеген,
Өр едің жігіт емес, кемсеңдеген.
Байлықтың базарына басты сұқпай,
Мұратың: "Қазақ үшін өлсем!" деген.
Жас болдық, біз де сендей сайрандадық,
Сен барда ез болмадық, қайғы алмадық.
Арыстан секілденген арамызда
Жан едің тіліп түсер - Майдан-Мәлік!
Заманның қайран қалып кеңдігіне,
Жоқсың сен, бұл өмірдің кемдігі не?
Артыңда бар тұлғаңа құмар болып,
Жаздым ғой жоқтауымды енді, міне...
ЗЕЙНОЛЛА ӘКІМЖАНОВ
Мәлік Мұқанов "Алуа менің ауылым" кітабы. Құрастырушы: жары Әдия Ахметова. Шығарушылар алқасы: Мүтәллап Қанғожин, Болат Қожахметов, Жақсыбай Самрат. Петропавл қаласы, 2004 жыл. 145 бет.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇