Өлеңдер ✍️

  08.06.2026
  5


Автор: Зейнолла Әкімжанов

Адам жаны

 


Адам жаны, адам жаны -
Нәзік тым,
Ағадан ақыл, ал ініден
Наз ұқтым.
Ей, Адамдар, кешіріңдер, кешіңдер,
Болса егер зәредей бір
Жазықтым.


Болған емен біреу берер
Сыйға алаң,
Бар болғаны ақ жүректі
Қи маған.
Арам пиғыл адамдардан жеркенем,
Ақ жүректі сәбилерге
Иланам.


Сұрар болсам -
Өткірлік бер,
Дауыл бер,
Кезім болмас "Мына жүгің ауыр!" дер.
Шен-шекпенің қажет емес шыным сол,
Болсам жетер қатардағы
Жауынгер.


Келемін мен өз жолымды
Өрімдеп,
Сыйламасын мейлі өмір
Төрін көп.
Атақ сұрап ғазиз басты тасқа ұрып,
Ар алдында төмен болған
Жерім жоқ.


Айналайын, ақ тілеулі,
Шындығым,
Қасиетті еді неткен
Нұрлы үнің.
Мен емеспін болмашыға күржиіп,
Астын ғана көретұғын
Мұрнының.


Мен емеспін жылмаң жүзді
Аярың,
Аярларды шын мүсіркеп,
Аядым.
Өзге үшін өртенбейтін өзегі,
Өзге үшін баспайтұғын
Аяғын.


Мақтан емес,
Емес мұным
Асылық,
Жүрген жоқпын мерейімді
Асырып.
Жаратыпты мені анамның ақ сүті
Аярлықтың өмір-бақи
Қасы ғып.


Сыры көп бұл біз ұқпайтын
Өмірдің,
Зиялыға дария болып
Төгілгім.
Келсе -
Әсте зымияныңнан жүз тайып,
Майдандассам - келмейді бір
Шегінгім.


Адам жаны, адам жаны -
Нәзік тым,
Ақиқатқа арқау болар
Қазықпын.
Жазып келем жырларымда шындықты,
Жаза берем, жаза берем,
Жазыппын!


ЗЕЙНОЛЛА ӘКІМЖАНОВ


"Ленин туы" газеті. 26 ноябрь 1988 жыл. 4 бет. 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу