Өлеңдер ✍️

  08.06.2026
  4


Автор: Зейнолла Әкімжанов

Қалғы, қазақ!

 


Бір қырсық ой мазамды алды тіл қатып;
Бізді бекер оятқан-ау Міржақып.
Ұйықтай беру сілекейің шұбырып-
Пенде үшін қызығы мол бір бақыт.


Ұйықта, қазақ, қам қыласың несіне,
Төсегіңде керіліп ал, есіне.
Сонда ғана төрт құбылаң теңеліп,
Сонда ғана бұйырады несібе.


Маужырай бер, бар ұйқыға басып ал,
Не жөнің бар жаныңды жеп асығар?
Ұйықтаған жұрт өліп қалып жатқан жоқ,
Қалғығанды Тәңір өзі асырар.


Есіней бер, ұйқы болсын білгенің,
Ерте тұрып тайталасқа кірмегін.
Не пәледен құтылады дін аман
Ұйқы басып жата берсе кім де кім.


Екі қолға бір жұмыс та тілеме,
Ұйқы бұзар жерге әсте түнеме.
Оянбасаң ойыңдағы болады,
Ұйықтағанға әмір деген жүре ме?!


Сергектер-ақ іс тындырсын, бұлданса,
Іші күйсін ұйықтағанды қызғанса.
Қалғы, қазақ, құр жібермей ұйқыңды
"Оятам!" деп тағы біреу туғанша...



Ұйықта, қазақ, маужыра да қалғығай,
Әлди, қазақ, әлди-ай!


ЗЕЙНОЛЛА ӘКІМЖАНОВ




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу