03.06.2026
  31


Цифрлық дәуірдегі ұлттық тәрбие: XXI ғасыр оқушысын қалай тәрбиелейміз?


Мақала авторы: Жанерке Жолбарис, бастауыш білім беру мамандығының студенті, жаңашыл практик-мұғалім.


 


 


Ұлттық құндылықты сақтай отырып, заманауи ойлайтын оқушыны тәрбиелеу мүмкін бе? Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев айтқандай: «Бүгінгі партадағы оқушы, ол біздің ертеңіміз», ал ұлттың сақталып қалуы – оның ұлттық құндылықтарымен тығыз байланысты. Ол үшін жас ұрпақты оқытуда ұлттық тәрбие беру ескірген дүние емес, керісінше қажеттілік. Әрине, XXI ғасыр – қарқынды технологиялар мен жаһандану дәуірі. Цифрлық сауаттылық, сыни ойлау дағдылары, көптілділік басты артықшылықтардың бірі десек те, мәдени кодты сақтау басты назардағы мақсат екені анық.


      Жалпы, оқыту тек білім берумен ғана шектелмейді. Оқушыны тәрбиелеу мен оның ойлауын дамыту да оқу процесінің маңызды бөлігі. Адамзаттың екінші ұстазы Әл-Фарабидің: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзін естігеніңіз анық. Бұл тұжырым білім мен тәрбиенің ажырамас бірлігін айқындап тұр. Яғни, заманауи біліммен қаруланған, бірақ ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтардан алшақ тұлға өз рухани тұтастығын сақтауда қиындыққа тап болуы мүмкін.


Дегенмен, барлық баланы бір қалыпқа салып оқыту керек демеймін. Говард Гарднердің көптік интеллект теориясы бойынша әр баланың қабілеті әр салада көрініс табатындықтан, әр оқушының даралығын дамыта отырып, оларды ұлттық тәрбие жүйесінде біріктіру қажет. Себебі тұлғаның қай салада дамығанына қарамастан, оның рухани санасы қалыптасуы аса маңызды.


     


       Ендеше, қазіргі білім беру жүйесінде оқыту әдістерін заманға сай жаңғырта отырып, оны ұлттық мазмұнмен қалай ұштастыра аламыз? Оқыту кезінде «жаһандық құрал мен ұлттық сананы» қатар қолдану баланың танымдық белсенділігін арттырып, ұлттық сана сезімін қалыптастырады.


Бастауыш сынып жасында қолданылатын ең тиімді әдістердің бірі – цифрлық этнопедагогика. Бүгінгі бастауыш сынып оқушылары цифрлық ортада өсіп келе жатқандықтан, ақпаратты визуалды әрі интерактивті түрде жақсы қабылдайды. Сондықтан ұлттық мазмұнды заманауи технологиялармен ұштастыру олардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды табиғи түрде меңгеруіне мүмкіндік береді. Мысалы, интерактивті тақта мен QR-кодтарды қолдану арқылы оқушыларға ұлттық жұмбақтар мен ертегілерді бере аламыз. Бұларды тапсырма ретінде LearningApps не Wordwall платформаларында әзірлеу оқушының оқу материалын ойын арқылы меңгеруіне көмектеседі.


Сондай-ақ, Джон Дьюидің идеяларына негізделген жобалық әдіс оқушылардың зерттеушілік қабілеттерін дамытуда ерекше орын алады. Бұл әдіс арқылы оқушылар ұлттық тақырыптарды заманауи форматта зерттейді. Мысалы, «Менің тегім» тақырыбында оқушы өзінің шыққан тегін, отбасылық құндылықтарын зерттеп, оны презентация не бейнеролик түрінде ұсына алады. Ал, «Киіз үй – эко-үй» жобасы арқылы оқушылар киіз үйдің табиғи материалдардан жасалатынын, жазда салқын, қыста жылы болатынын зерттеп, оны қазіргі экологиялық үйлердің ерекшеліктерімен салыстыра алады. Бұл арқылы балалардың әрі шығармашылық, әрі сыни ойлау дағдылары дамиды.


Геймификация да бастауыш сынып оқушысына қолдануға тиімді технологиялардың бірі. Әсіресе ұлттық ойындарды оқу үдерісіне енгізу арқылы оқушының пәнге деген қызығушылығын арттыра отырып, ұлттық мәдениетіне, салт-дәстүріне баули аламыз. Мысалы, математика сабағында тоғызқұмалақ ойынын қолдану баланың логикасын арттырып, стратегия құруға үйретеді. Сонымен қатар, асық ойынын балаларға ықтималдылықты үйрету мақсатында қолдана аламыз. Мұндай әдістер арқылы бала білімді теория тұрғысынан емес, тәжірибе жүзінде түсінеді.


Қазіргі мұғалімнің басты міндеттерінің бірі – жаһандық білім беру құралдарын ұлттық мазмұнмен ұштастыру. Сондықтан түрлі технологияларды ұлттық реңкте қолдану маңызды. Сол арқылы оқушылардың цифрлық сауатты әрі ұлттық болмысы жоғалмаған тұлға болуына жағдай жасай аламыз.


 


Жеке тәжірибеден бірнеше мысал келтірелік. Мен өзімнің педагогикалық жолымды университет қабырғасынан бастадым. Бірінші және екінші курс әдетте пассивті практика. Дегенмен, екінші курс кезеңінде өзімнің алғашқы ұстаздық әдістерім мен технологияларымды іс жүзінде қолданып көрдім. Сыныпта бәрі дерлік қарапайым қазақы отбасынан шыққан, оқу үлгерімдері де қалыпты, төмен оқушылар жоқтың қасы. Бірақ, бір оқушының үлгерімі мен сыныппен қарым-қатынас деңгейі назар аудартты. Ешқандай сабаққа қатыспайды, сынып ұжымымен байланысқа түспейді. Сынып жетекшінің мәлімдеуі бойынша бала орыс мектебінен ауысып келгеніне бір ай шамасы болған, қазақша түсінбейді, ал онымен жеке жұмыс жүргізуге мұғалімнің уақыты жетпейді.


Осы мәселеден соң мен сол оқушымен жеке жұмыс жүргізе бастадым. Бастапқыда, қарапайым сұрақты түсінбейтін, гуманитарлық пәндерде қатты қиналатын. Бірақ, жоғарыда айтылғандай интеллектісі басқа салада жоғары болды. Математика сабағында басқа балалар сияқты баған түрінде емес, өрнек түрінде өте жылдам шығаратын. Осы артықшылықты пайдаға асыруға тырыстым. Аптасына тек бір күн баратындықтан, жиі жұмыс жасауға мүмкіндік бола бермейтін, сондықтан ауқымдырақ тапсырма беріп, келесі аптада кері байланыс алуға тырыстым. Бала математикаға қабілетті болғандықтан алғашқы материалды да содан бастадым, сандарды орысша айтатындықтан, қазақша сандарды жаттап келуді тапсырдым. Келесі аптада берілген тапсырманы бұлжытпай орындағандығы баланың білімге құштарлығын, өзіне қызықты тақырыппен оқытудың нәтижелілігін көрсетті. Одан шабыт алып, қоңырау кезінде баланы тілдік ортаға бейімдеу үшін және сандарды бекіту үшін балалармен жиналып, «аққу ұшты» ойнайтынбыз. Балаға ана тілін меңгерту мақсатында арнайы этнопедагогика негізінде жазылған авторлық әліппе-оқулығымды оқуын қадағаладым. Оқулықта ең алдымен оқушының қызығушылығын оятатын суреттер мен қысқа мәтіндер, сондай-ақ QR-код арқылы ашылатын жасанды интеллект көмегімен жасалған бейнематериалдар мен қызықты тапсырмалар берілген. Әрбір тақырып қазақ халқының салт-дәстүріне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құндылығына арналған. Кітапша баланың сауатын ашып қана қоймай, оның бойында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасына сай отансүйгіштік және жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастырады. Оқулықпен танысқан күннен бастап оқушының ана тілін үйренуге арналған қызығушылығын байқадым.


Бастапқыда сыныппен мүлдем араласпайтын баланың 3 аптадан соң басқа оқушылармен еркін араласып жүргенін байқаған сәтте, еңбегімнің еш кетпегенін түсіндім. Оқушы жаңа келген емес, алғашқы оқу жылынан осы сыныпта оқып жүргендей, жаңа әлеуметтік ортаға бейімделіп кетті.


     


      Бүгінде білім беру жүйесінің алдында тұрған басты міндеттердің бірі – ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, заманауи ойлайтын тұлға қалыптастыру. XXI ғасыр оқушысы – тек білім алушы ғана емес, сонымен қатар жаһандық деңгейде ойлайтын, ұлттық санасы қалыптасқан азамат болуы тиіс. Бұл мәселе көптеген ғалымдар еңбегінде де көрініс тапқан. Мысалы, ЮНЕСКО комиссия төрағасы Жак Делор білім берудің мақсаты тек ақпарат беру емес, сонымен қатар сол білімді өмірде қолдана алатын тұлға қалыптастыру екенін айтса, қазақтың ұлы ағартушысы Мағжан Жұмабаев тәрбиені ұлт болашағымен тікелей байланыстыра отырып, былай деп жазды: «...әрбір ұлттың баласы өз ұлтына қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші оны сол ұлт тәрбиесімен тәрбиелеуге міндетті». Екі ойшылдың тұжырымдарының түйісетін жері – білім мен тәрбиенің қатар жүруі. Яғни, бүгінгі оқушы тек заманауи дағдыларды меңгеріп қана қоймай, ұлттық болмысты да бойына сіңіре білуі керек. Ал керісінше, ұлттық тәрбиеден алшақ өскен ұрпақта рухани тұрақтылық пен ұлттық бірегейлік әлсірейді. Бұл өз кезегінде тұлғаның қоғамдағы белсенділігіне және ұлттық құндылықтарды сақтауына кері әсер етуі мүмкін.


 


Баланы оқыту кезінде оның заман талабына сай болумен қатар, бойында еліне, жеріне, халқына деген сүйіспеншілік пен махаббатты қалыптастыра отырып тәрбиелеу – бір-біріне қарсы ұғымдар емес. Керісінше, олар қатар жүргенде ғана саналы, бәсекеге қабілетті әрі тамырын ұмытпаған ұрпақ қалыптасады.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу